Оқыған, көргенін лезде қағып алып, ұмытпайтын, зерек, ұғымтал және есте сақтау қабілеті жоғары адамды құймақұлақ дейді. Оралдық 4 жасар Арна Нұрсұлтанқызы қазақтың Абай, Мағжан, Мұқағали сияқты ақындарының өлеңдерін жатқа оқиды, ән де айтады. Балабақшаға барып жүрген бүлдіршін өзі әзірге оқып, жаза алмайды.
Арна – отбасының тұңғышы. Таяуда төрт жасқа толды. Бүлдіршін түрлі байқауларда топ жарып, жүлдегер атанып жүр. Астананың төрінде олжалап қайтқан бірінші дәрежелі дипломы да бар. Оның өнерге деген құштарлығы бесіктегі тәрбиеден басталыпты. Бөбектің былдырлаған тілі қазақтың ұлы ақыны Абай деп шыққан.
Жайнагүл Хамидолла, анасы:
— Бесікте жатқаннан бастап оған кітап оқып, аунап-домалап жүргеннен бастап қоянмен ойнатып, ұзын құлақ сұр қоянды айтып, сөйтіп, тақпақтармен кішкентайынан өсірдік. Тілі енді шығып жатқан кезде «Абай, Абай» деп айтатын. Содан бастап үйреткен нәрсені, көрсеткен нәрсені бірден қағып алады.
Отағасы Нұрсұлтан Салахатдинов – шекарашы. Еліміздің тыныштығы үшін қызмет атқарады. Үйде болған сәтте ол да қызының өнерінің ұштала түсуіне үлесін қосуға тырысады. Сөредегі кітаптарды іріктеп, өзіне ұнағанын алып, өлең оқып беру – олар үшін дәстүр.
Нұрсұлтан Салахитдинов, әкесі:
— Енді қолым босаған уақытта балалардың тәрбиесімен айналысуға тырысамын. Бірақ менде ондай көп уақыт шектеулі. Сондықтан көбінесе анасы айналысады. Өлең жолдарына да, барлығына да. Қазір енді балаларымыз өсіп келе жатыр. Салт-дәстүрге, барлығына анасы көбірек көңіл бөлуде.
Арнаның артынан ілескен сіңлісі де апасына еліктеп жүр. Әлі кішкентай болса да өз тілінде өлең оқуға құштар. Қазақ халқында құйма құлақ деген бар. Ол теңеу зерек, ұғымтал және есте сақтау қабілеті жоғары адамдарға арналып айтылған. Бүгін отбасы кешкі дастарханға толық жиналды. Әкесі қызметтен, анасы жұмыстан, бүлдіршіндер балабақшадан оралды. Шаңырақтағы шаттық Арнаның әнімен жарасымын тапты.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.