Газ баллоны қауіпті ме әлде электр құрылғысы ма? Теміртауда көпқабатты үйлерде газ қолдануға тыйым салынды. Алайда тозығы жеткен электр желісінен қорыққан тұрғындар: «90-жылдардағыдай, далада тамақ пісіреміз бе?» — деп алаңдаулы.
Металлургтер қаласындағы мыңнан астам көпқабатты үй тұрғындары осыған дейін газ баллондарын тұтынып келген. Бұл – ресми мәлімет. Қазір баспанада отынның бұл түрін қолдануға қатаң тыйым салынды. Енді жанармай бекетіндегі баллон толтыру процесі мен оның биік үйлерге тасымалдануы жіті бақылауға алынбақ.
НАТАЛЬЯ МАУШЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
– Бір күнде бәрін тоқтатып: «Газ баллондарын алып тастаңдар, енді толтырмаймыз» деу дұрыс емес деп ойлаймын. Адам тамақ пісіруі керек. Сондай не істейміз?
Газ баллондарын пайдалануға тыйым салу мәселесі бұған дейін де көтерілген. 2022-2023 жылдары көпқабатты үйлерде газ жарылып, екі әйел қаза тапқаннан кейін талап күшейтілді. Тұрғындарға газдың орнына электр плитасын қолдану ұсынылған. «Бірақ ескі үйлердің желілері мұндай жүктемеге шыдас бермейді», — деп отыр тұрғындар.
МИХАИЛ КУЛЕШОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
– Біздің үй 1964 жылы салынған. Қыста жылу өшкенде адамдар жылытқыш қосады, сол кезде желідегі кернеу 120-160 вольтқа дейін түсіп кетеді. Сымның иісі шығады. Енді қалай өмір сүретінімізді білмеймін. Амал жоқ, бұрынғы 90-жылдардағыдай далада от жағып тамақ дайындайтын шығармыз.
Тұрғындар бір күнде тұрмыстық техниканы сатып алуға көп адамның шамасы келмейтінін айтады. Оның үстіне тозығы жеткен электр желісін қосуға қорқады. Ал қала әкімдігі үйлер мен ауладағы электр сымдарын жаңартып, қуатты желілерге ауыстыру қажет деп отыр.
РИНАТ ҚЫДЫРБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Қаланың орталық бөлігіне қосымша шамамен 10 мегаватт қуат беруге мүмкіндік бар. Қалалық электр желілері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Негізгі мәселе – үй ішіндегі электр желілерінде. Сондықтан қазір әр КСК-мен жеке жұмыс жүргізіліп жатыр.
Тұрғындардың өзі де газ баллондарына лайықты балама көріп отырған жоқ. Газдың қауіпті екенін түсінеді. Бірақ ескі электр сымдарынан өрт шыға ма деп те алаңдайды. Сондықтан көпшілігі әзірге электр плитасын сатып алуға асығар емес.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.