Жаңа Конституцияны жүзеге асыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар бірінші оқылымда үш бірдей заң жобасын қарады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Telegram-парақшасында жазғандай бұл бастамалар биылғы республикалық референдумда қабылданған жаңа Ата заңның негізгі нормаларын іске асыруға бағытталған.
Қос палата отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Республикасы Президенті туралы» конституциялық заң жобасын таныстырды. Құжат 8 бөлім мен 43 баптан тұрады. Заң жобасында Президенттің мәртебесі, қызметке кірісу тәртібі және өкілеттік мерзімі нақты айқындалған. 2022 жылғы конституциялық реформалар аясында енгізілген негізгі қағидалар өзгеріссіз сақталған. Атап айтқанда, Президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімі, жақын туыстарына қойылатын шектеулер және Мемлекет басшысының партиясыз болуы заң жобасында бекітілген. Құжаттағы басты жаңашылдықтардың бірі – вице-президент институтын енгізуге қатысты.
ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:
– Вице-президенттің негізгі функциясы – Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік ету. Сонымен қатар Вице-президенттің өкілеттіктерін егжей-тегжейлі реттеу Президент актілері негізінде жүзеге асырылады.
Министрдің айтуынша, бұл бастама мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған. Заң жобасына сәйкес, вице-президентті Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Құжатта оған қойылатын талаптар мен өкілеттікті тоқтату тәртібі де нақты жазылған. Бұдан бөлек, заң жобасында алғаш рет Президенттің «Қазақстан Халық Кеңесіне» қатысты өкілеттіктері жеке баппен енгізіліп отыр.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
– «Құрылтай туралы» конституциялық заң жобасы биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Оның құрамына 145 депутат енеді, ал өкілеттік мерзімі бес жыл болады. Заң жобасын Мәжіліс депутаты Айдос Сарым таныстырды. Оның айтуынша, бастама жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленген. Құжатта Құрылтайдың жоғары өкілді орган ретіндегі мәртебесі мен қызмет тәртібі айқындалады.
12 тарау мен 60 баптан тұратын заң жобасында Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл тәртібі, депутаттардың мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітілген. Құжат күшіне енгеннен кейін барлық заң жобасы жаңа конституциялық заң мен Құрылтай регламентіне сәйкес қаралады.
АЙДОС САРЫМ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
– Бұған дейін жауапкершілік Мәжіліс пен Сенат арасында бөлінсе, енді заңдар бір жерде қаралып, бір жерде қабылданады. Соған сәйкес депутаттар мен Парламент басшылығының жауапкершілігі де күшейеді.
ЖАННА АСАНОВА, СЕНАТ ДЕПУТАТЫ:
– Құрылтайда заңдарды үш оқылымда қарау заң сапасына тікелей әсер етеді. Заң неғұрлым жан-жақты талқыланса, оның тиімділігі де соғұрлым жоғары болады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатты Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды. Заң жобасында әкім сайлауындағы қайта дауыс беру тәртібі нақтыланған.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
– Әкім лауазымына кандидаттардың дауысы тең болған жағдайда, аумақтық сайлау комиссиясы бір ай ішінде қайта дауыс беру туралы шешім қабылдайды. Сонымен бірге бір тұлға бір мезетте мәслихат депутаты әрі әкімдікке кандидат бола алмайды.
Құжатта депутаттық әдепке қатысты талаптар да күшейтілген. Енді депутаттарға сөзді бөлуге, орынсыз пікір білдіруге тыйым салынады. Отырыс жұмысына кедергі келтірген халық қалаулысына ескерту жасалып, сөз беру құқығы бір немесе бірнеше отырысқа шектелуі мүмкін. Ал әдеп нормаларын бірнеше мәрте бұзған жағдайда, партия депутат мандатын кері қайтарып ала алады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.