Ардагермен бірге кино көріп, ауласында ән шырқау. Өскемендік кадет пен сарбаздар 103 жастағы Анастасия әжені қалай қуантты?
Соғыс ардагері Анастасия Светочеваның күні ерекше басталды. Бірнеше жылдан бері мамыр мерекелері қарсаңында оның үйінің алдында әскери оркестр өнер көрсетіп, ардагердің сүйікті майдан әндерін орындайды. Бұл дәстүр қарияға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, ерлікке толы жылдарды еске салады.
103 жастың биігіне шыққан Анастасия Павловна әлі де қонақтарды өзі күтіп алады. Әсіресе жас сарбаздар мен офицерлерді жылы ықыласпен, ерекше ризашылықпен қарсы алады.
АҢСАР ШӘКЕНОВ, 3477 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ КОМАНДИР ОРЫНБАСАРЫ:
– Біз ай сайын ардагер әжемізге арнайы барып тұруға тырысамыз. Бұл оған деген алғыс бен құрметіміздің бір белгісі деуге болады. Ол кісі біздің келгенімізге әрдайым қуанып, жылы қабылдайды. Наурыз айында да келіп, үйінің айналасын тазалап, ретке келтіріп, көмек көрсеткен едік.
Мұндай қолдау соғыс ардагері үшін аса маңызды. Анастасия Светочева жалғыз тұрады, ал оған көмек қолын созып жүрген жастар үй шаруасына жәрдем беріп қана қоймай, қарт кісінің ең жақын сырлас серігіне де айналған.
ПАВЕЛ МАЛАРЁВ, №4 ОРТА МЕКТЕП КАДЕТ СЫНЫБЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ:
– Біз – өз еліміздің патриоттарымыз. Ардагермен жиі кездесіп тұрамыз, ол кісі бізге Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктерді, Ленинград қоршауы сияқты ауыр кезеңдерді және басқа да тарихи оқиғаларды баяндап береді.
Анастасия Павловна – көргені мен түйгені көп, айтары да мол ардагер. Ол Ленинград қоршауы жылдарында әскери байланысшы ретінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің құрамында кезекшілік атқарған. Бомбалау мен артиллериялық соққылардың салдарын жоюға қатысып, жараланғандарға алғашқы көмек көрсеткен. Оның ерлікке толы өмір жолын кадеттер жақсы біледі, ардагермен әр кездесуге үлкен жауапкершілікпен дайындалады. Жуырда олар ардагермен бірге соғыс тақырыбындағы классикалық туынды – «Барлаушының ерлігі» фильмін тамашалады.
АНАСТАСИЯ СВЕТОЧЕВА, СОҒЫС АРДАГЕРІ:
– Маған жастармен әңгімелесу өте қызық әрі көңілге жылу сыйлайды, өйткені қартайған шақта адамға ең керегі – жылы қарым-қатынас пен әңгіме. Ал олар әскери бөлімнен келіп, жиі хабарласып, денсаулығымды сұрап тұрады, бұл мен үшін үлкен демеу әрі көңіліме жылу сыйлайды.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында небәрі 6 ардагер бар. Отан үшін от кешіп, ерліктің дастанына айналған батырлар самайын ақ шалып, қартайса да, жас ұрпақты бейбіт өмірдің қадірін білуге, оны бағалауға тәрбиелеп келеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.