Көкшетауда жаяу жүргіншіні басып кеткен әйелдің көлік жүргізу құқығы болмаған

Көкшетауда тапа тал түсте жаяу жүргіншіні басып кеткен рөлдегі әйелдің көлік жүргізу құқығы болмаған. 52 жастағы қала тұрғыны қаза тапқан жантүршігерлік жол апатынан кейін полиция екі бірдей қылмыстық іс бойынша, тергеу бастады. Енді бұл іске ерлі-зайыпты бірге жауап береді.

Қайғылы оқиға мереке күні Көкшетау қаласында болды. Сарыарқа шағын ауданындағы өз үйінің маңында алаңсыз жолдан өтіп бара жатқан Күлзура Шаяхметованы көлік қағып барып, басып өткен. Ауыр жарақат алған әйел ауруханада көз жұмды. Марқұм бүгін жер қойнына тапсырылды. Алайда осы күнге дейін тұрғындар есеңгіреп отыр. Өйткені бұл қауіпті бұрылыс осы маңдағы үш жаңа үйдің тұрғындарын бұрыннан алаңдатып келген.

ДАНА ҚАЗИХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
– Біз үшін бұл үлкен шок болды. Мұндай жағдай болуы мүмкін екенін тұрғындармен талай рет талқылағанбыз. Бұл мәселені былтыр жаздан бері көтеріп келеміз. Пәтерімізді небәрі бір жыл бұрын ғана рәсімдегенбіз. Әртүрлі жағдайдан қорықтық, әсіресе балалар үшін алаңдадық. Бірақ бұл жолы ересек адам зардап шекті.

Жалғызбасты ана 52 жастағы Күлзура Шаяхметованың артында 12 жастағы ұлы қалды. Қазір белгілі болғандай, әйел көлік жүргізу құқығы жоқ адамның кесірінен қаза тапқан. Жол апаты кезінде көлік иесі — оның жұбайы жолаушы орнында отырған. Айтуынша, денсаулығына байланысты өзі рөлге отырмаған.

ӘСЕМ ӘБДІРАХМАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
– Қазіргі уақытта адам өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша әйел жүргізушіге қатысты тергеу жүріп жатыр. Тексеру барысында оның көлік жүргізу куәлігі жоқ екені және ешқашан арнайы оқудан өтпегені анықталды. Сонымен қатар көлік тізгінін құқығы жоқ адамға бергені үшін оның күйеуіне де қылмыстық іс қозғалды. Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Тұрғындардың айтуынша, ұзақ уақыттан бері шешілмеген мәселе қазір қайта қозғалғандай. Жедел жәрдем сияқты арнайы көліктер аулаға кірсе шыға алмай, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қияметтің қыл көпіріне айналған жол жайын тұрғындар әкімдікке айтудай ақ айтқан. «Қазадан кейін ғана ғана сең қозғалғаны өкінішті», — дейді тұрғындар. Оның өзіне әлі біраз уақыт керек сияқты.

ЕРБОЛАТ СЕРІКПАЕВ, ТҮКШ ЖӘНЕ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ БӨЛІМІ БАСШЫСЫ:
– Сарыарқа шағын ауданы 24 үйдің маңайында 3 үй салынған. Бұл ауладан шығатын тек бір жол қарастырылған. Енді тұрғындардың сұранысына сәйкес қосымша тағы бір шығатын жол қарастырылады.

Қазір қаладағы коммуналдық қызметтер полициямен бірлесіп, жаңа шағын ауданда қозғалысты шектеу тетіктерін орнату мәселесін қарастырып жатыр. Бұл ауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар тротуарсыз салынған жолдардың жобалық-сметалық құжаттарға сәйкестігі де тексерілмек.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал