Астаналықтар апта соңында LRT-мен қатынай алады

Астанада көптен күткен жеңіл рельсті көлік алғашқы жолаушысын қабылдауға дайын. Төлем тек цифрлық форматта болады. LRT басшылығы жолақы төлеу жүйесінің ерекшелігін жариялады.

Журналистерге әуелі «Әуежай» станциясы таныстырылды. БАҚ өкілдері LRT төлем картасын алғашқы болып сынап көріп, платформаға өтті. Станциядағы турникеттер іске қосылған. Автомат билетті санаулы секундта шығарып береді. Әдеттегі жетон жоқ. Оның орнына көк-сары түстегі заманауи жол жүру картасы енгізілген. «Астана» жазуының авторы – Қасымхан Жапанов.

ҚАСЫМХАН ЖАПАНОВ, ДИЗАЙН-СТУДИЯ ЖЕТЕКШІСІ:
– «Астана» жазуының бірнеше нұсқасы болды. Қаріптік, логотиптік және ерекше стильдегі үлгілер ұсынылды. Бұл жазу ерекше тәсілмен жасалған, дәл мұндай форматты басқа жерден кездестірмейсіз.

Жол ақысын төлеудің бірнеше жолы қарастырылған. Яғни жолаушылар банк картасы, QR-код немесе Face ID арқылы төлем жасай алады. Карта бағасы – 1000 теңге, ал атаулы карта 200 теңгеге қымбатырақ. 7 мен 18 жас арасындағы азаматтар мен Астанадағы жеңілдік санатындағы тұрғындар үшін жол жүру тегін. Бір реттік жол ақысы – 200 теңге. Жалпы, пойыз құрамы бір мезетте 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады. Ол қала орталығы арқылы өтіп, «Нұрлы жол» вокзалына дейін барады. Әр вагон көлік бағыты мен жету уақытын көрсететін экрандармен жабдықталған.

АСЫЛБЕК ДҮЙСЕБАЕВ, «CITY TRANSPORTATION SYSTEMS» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
– Жобаның құны 2016 жылы бекітілді. 1,8 миллиард АҚШ долларын құрайды. Осы уақытқа дейін бұл сома өзгерген жоқ.

Астаналық ЛРТ-нің ерекшелігі сол, пойызда машиниссіз қатынайды. Қозғалыс диспетчерлік орталықтан бақыланады. LRT жүйесіне қызмет көрсету үшін мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 300-ге жуық шетелдік маман бар. Қазірдің өзінде шамамен 500 қызметкер арнайы оқытудан өткен.

МЕДЕТ АЛТЫНБЕК, ҚОЗҒАЛЫС ДИСПЕТЧЕРІ:
– Біз Тяньцзинь қаласында үш ай оқыдық. Әр станцияда станция кезекшісі мен платформа кезекшісі болады. Егер қандай да бір төтенше жағдай орын алса, бәрі камералар арқылы бақыланады. Біз кез келген құрамдағы камераны қоса аламыз. Қандай да бір мәселе туындаса, оны станция кезекшісі шешеді.

Жалпы LRT желісінде 18 станция бар. Алдағы уақытта оның саны тағы да артпақ. Себебі ЛРТ Қосшы қаласына дейін ұзаратыны белгілі болды. Жобаның екінші кезеңіне дайындық қазірдің өзінде басталып кеткен. Сонымен қатар LRT бағытын оң жағалаудағы ескі вокзалға дейін жеткізу мүмкіндігі де қарастырылуда. Оператор қаржыландыру мәселесі бойынша банктермен келіссөз жүргізіп жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал