Егіс науқанына қатысты түйткілдер Үкімет отырысында қаралды

Елімізде көктемгі дала жұмыстары басталды. Егіс науқанына қатысты түйткілдер Үкімет отырысында қаралды. Биыл елімізде 23 миллион гектардан астам жерге дән себу жоспарланған. Қандай дақылдарға басымдық беріледі? Шаруаларға қаржылай қолдау бола ма?

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
– Елімізде диқандарға арналған арзандатылған дизель отыны сатыла бастады. Қазір оның бағасы жанармай бекеттеріндегі нарықтық құннан 49 теңгеге арзан. Энергетика министрлігі Ерлан Ақкенженовтың мәліметінше, көктемгі дала жұмыстарына қажетті 402 мың тонна дизель отынының жартысынан астамы шаруаларға жөнелтіліп қойған.

ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
– Өңірлердегі дизель отыны Энергетика министрлігі ұсынатын ағымдағы баға литріне қосылған құн салығымен 263 теңгені құрайды. Түпкілікті бағаны өңірлік операторлар белгілейді. Ол литріне 281 теңгені құрайды. Жанармай құю станцияларындағы бөлшек сауда бағасынан 15 пайызға төмен.

Егінге қауіп төндіретін шегірткеге қарсы күрес күшейтілмек. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, биыл зиянкес таралуы мүмкін аумақ 1,2 миллион гектардан асады. Қазір шекара маңындағы маңызды аумақта мониторинг жүргізіліп жатыр.

АЗАТ СҰЛТАНОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
– Зиянкес ошақтары анықталған жағдайда екі жақтан да техника жіберіледі. Оңтүстік өңірлерде жұмыстар басталды. Химиялық өңдеу басталды. Қаражат қарастырылған, техника, прерапараттар және адамдар дайын.

Ал оңтүстік өңірлерде су тапшылығы мәселесі өзекті. Әсіресе Сырдария, Шу және Талас өзенінің қоймаларында су көлемі азаюы мүмкін. Түркістан мен Жамбыл облысында суармалы су жетіспеушілігі қаупі бар.

НҰРЛАН АЛДАМЖАРОВ, СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
– Су лимиті 3,2 млрд деп бекітілді. Түркістан облысы бойынша лимитті 3,8 млрд-қа белгілеп отырмыз. Жамбыл облысында 900 млн-ға дейінгі лимит белгіленді.

Мамандар мұны былтырғы қуаңшылықпен байланыстырады. Үкімет басшысы жауапты министрліктерге су тапшылығының алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Әсіресе шаруаларды су үнемдеу технологияларына көшіру маңызды екенін айтты.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
– Диқандарды тамшылатып, жаңбырлататын суару жүйесіне көшуге ынталандыратын кешенді шараларды іске асыру керек. Бірқатар оңтүстік ауданда фермерлер тарапынан су тапшылығына қатысты шағымдар тіркелуде. Мұндай мәселлерді шешу жұмыстары тұрақы түрде жүргізілуі тиіс.

Жалпы соңғы жылдары дәнді-дақылдар көлемі қысқарып, шаруалар егістіктікті әртараптандыруға көшкен. Биыл майлы дақылдар алқабы 4 миллион гектардан асса, жемшөп дақылдары 3,3 миллион гектарды қамтиды. Ал жүгері алқабы 265 мың гектарға дейін ұлғайтылған. Жалпы, биыл ел бойынша 23,8 миллион гектар жерге егін егу жоспарланған. Қазірдің өзінде 12 миллион гектар алқапқа дән себіліп үлгерді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал