Қазақстанда өнеркәсіп, медицина және өзге де салаларға жасанды интеллект кеңінен енгізіліп жатыр. Заманауи технология экономиканың барлық бағытын қамтып, цифрлық дамуға жол ашуда. Бүгінде астаналық оқушылар мектеп қабырғасынан бастап цифрлық сауаттылықты меңгеріп келеді. Мәселен, Астанадағы №99 мектепте жасанды интеллект пен цифрлық технологияны біріктірген жаңа смарт кабинет жұмыс істейді. Оның ерекшелігі мен артықшылығы қандай?
Бұл – ТМД елдерінде баламасы жоқ бірейгей жоба. Мына смарт-сыныпта шәкірттер дәптер мен оқулық қолданбайды. Себебі оны смарт-парталар алмастырған. Тақта, мұғалім үстелі де толықтай цифрландырылып, бәрі бір электронды платформаға біріктірілген. Сабақ кезінде оқушылар интерактивті тапсырма орындайды. Ал мұғалім әр баланың жұмысын өз экранынан онлайн бақылап отырады. Жасанды интеллект әр оқушының үлгерімін саралап, оқу деңгейін анықтайды.
ЖАНАТ НАЙМАНҒАЗИНОВА, МҰҒАЛІМ:
— Баланың мектепке келу қызығушылығы артты. Бұған дейін кейбір кезде баланың мектепке келуге ынтасы болмайтын. Ал смарт-сынып пайда болғаннан бері оқушы сабақтан қалмауға тырысады. Одан кейінгі тиімділігі ата-аналар үйде отырып балалардың бүгінгі бағдарламаны қалай қабылдағанын, қаншалықты орындай алатынын біле алады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Мынау жай ғана үстел емес. Бір сәтте смарт-партаға айналатын цифрлық жүйе. Оқушылар мұнда электронды оқулықпен жұмыс істейді, 3D сурет салып, модельдеуді үйренеді. Тіпті музыкалық аспаптарды да меңгере алады. Ал ең қызығы, мұның бәрін жасанды интеллект бақылап отыр. Мұғалім өзінің смарт үстелі арқылы қай оқушының белсенді отырғанын, кімнің тапсырманы кеш орындап жатқанын бірден көреді.
Инновациялық кабинет 25 смарт-партамен жабдықталған. Әрқайсысы оқушыға жеке цифрлық кеңістік ұсынады. Ал тапсырмалардың нәтижесі бірден экранда шығады.
Қазір жасанды интеллект элементтері еліміздің бірнеше мектебіне енгізіліп жатыр. Оқушылар цифрлық сауаттылықты меңгеруде. Жүйе мұғалімдерге де көмектеседі. Мәселен, WONK білім беру платформасы оқушылардың үлгеріміне қарай сабақ жоспарын автоматты түрде дайындайды. Тіпті презентациясын да жасап береді. Бұрын мұғалімдер бірнеше сағат жұмсайтын жұмыс енді небәрі 10 минут ішінде орындалады.
ЕРСАЙЫН БЕКБОЛАТОВ, WONK БІЛІМ БЕРУ ЖИ ПЛАТФОРМАСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Біз қазір мұғалімдерді жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйретуге барынша басымдық беріп отырмыз. Себебі кейін олар өзге ұстаздарды да оқыта алады. Жалпы, барлық педагог жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалана алуы керек. Қазіргі таңда Wonk платформасы толық дайын. Жобаны іске қосуға әзірміз. Ауыл мектептерін де қамтып жатырмыз.
Жоба авторларының айтуынша, бұл жүйенің басты мақсаты – мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, сабақ сапасын арттыру. Қазір платформа Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарындағы мемлекеттік білім беру ошақтарында пилоттық негізде қолданылып жатыр. Жасанды интеллект жүйесін енгізу қомақты қаржыны талап етеді. Соған қарамастан, елімізде бұл бағыт мемлекеттік мектептерде кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл – болашақ мамандарды жаңа технологияға бейімдеудің маңызды қадамы болса керек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.