Түркістан қаласы екі күннен кейін Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммитін қабылдайды. Бұл – түркі әлемі үшін тарихи маңызы зор оқиға. Маңызды саммиттің өтетіні туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапарында мәдімдеген еді.
Биылғы бейресми саммиттің Түркістанда өтуі кездейсоқ емес. Түркі халықтарының рухани тамырын тоғыстырған көне шаһар бүгінде түркі әлемінің маңызды мәдени және саяси орталықтарының біріне айналып келеді. Қазір қала аса маңызды жиынды өткізуге қорытынды дайындықты пысықтап жатыр.
АМАНЖОЛ БЕКБОЛ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазір қаламыз қонақтарды күтуге сақадай сай. Орталық көшелеріне 2 млн-ға жуық гүл ектік. Қонақтарды күту, орналастыру жайы толық дайын деп айтуға болады. Қаламызда 70-ке жуық орналастыру орны бар. Орталық көшелер мен саябақтарымызды жаңартып, оларды көрікті етуге, туристерге ыңғайлы етуге жағдай жасаудамыз.
Бейресми саммит – мемлекет басшыларына еркін пікір алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды саяси алаң. Осыған байланысты киелі мекенде «Түркі шаңырағы» аталатын арнайы кешен де салынды. Құрамына бірнеше киіз үй мен Тайқазанды біріктіретін кешен Қазақстан картасының бейнесінде жасалған.
МҰХИТ КӨШЕНОВ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Үлкен қазақша киіз үйіміз бар – диаметрі 31 метр, биіктігі 16 метр. Айналасында кішкентай киіз үйлер бар – диаметрі 10 метр, биіктігі 6 метрлік. Оның барлығы 8,5 гектар саябақтың ішінде орналасқан. Саябақтың өзі төбесінен қарағанда Қазақстанның картасын бейнелейді. Қазақстан ынтымақтың мекені дегенді білдіру мақсатында жасалған.
Тоғыз жолдың торабында Тайқазанның макеті орналастырылды. Нысанның биіктігі 10 метрден асады.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Алып тайқазан Қожа Ахмет Ясауи кесенесесіндегі түпнұсқадан бес есе үлкен. Төрт бағыттың түйіскен жерінде орналасқан композицияда түпнұсқадағы элементтер дәлме-дәл түсірілген, ал жоғарыдан қарағанда түркітілдес мемлекеттер ұйымының туы бейнеленеді.
Түркістанда өтетін түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті бауырлас елдер арасындағы бірлікті нығайта түспек. Ал бұл маңызды кездесу аясында көне шаһарға 5 мыңнан астам турист келеді деп күтіліп отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.