Сайлау кезінде заң бұзғандарға жауапкершілік қатаңдайды. Мәжіліс сайлауды жетілдіруге қатысты заң жобасы мен әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ілеспе түзету енгізуге келісті. eGov, e-Otinish және тағы басқа мемлекеттік қызметтер тегін болады. Мәжілісте елімізді радиактивті қалдықтардан тазарту мәселесі де қолға алынатыны белгілі болды.
Енді кандидаттар сайлау қорларынан тыс қаржы тартса, жазаланады. Блогерлерге де қадамын байқап басу керек. Егер олар сайлауалды үгіт-насихатты жасырын жүргізсе, айыппұл арқалайды. Кез келген үгіт-насихат тек кандидаттың жазбаша келісімімен жүргізілуі керек.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексте онлайн платформаларда үгіт материалдарын орналастырудан бас тартқан және кандидаттар үшін тең емес жағдайлар жасағаны үшін жеке тұлғалар 20 заңды тұлғалар үшін 50 АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Екіншіден, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау қорларынан басқа өзге де материалдық көмекті қабылдауға тыйым салынды.
Ескірген 3G технологиясы жүйелі түрде қысқарып, 550 елді мекен жоғары жылдамдықты, яғни 5G интернет желісіне көшкен. Алдағы екі жылда тағы 3 жарым мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізілмек. Бұл жайында Мәжілісте жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев баяндады. Депутаттарды әсіресе ұялы байланыс операторларының тарифті тым өсіріп жіберу себебі қызықтырды.
Тариф бағасын реттеу керек деп мәселе көтергенде жауапты министрліктегілер: «Біз Кәсіпкерлік Кодекстің талаптарына сәйкес бағаға араласа алмаймыз», — деген. Саладағы басқа да түйткілдер айтылып, соңында заң жобасы мақұлданды.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Мәжіліс бірінші оқылымда Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі түзетулерді мақұлдады. Заң жобасы байланыс инфрақұрылымын дамытуға, перспективалы телекоммуникациялық технологияларды енгізуге және халықты жоғары жылдамдықты интернетпен, сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметтерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстанда радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институтын жасау жоспарланып отыр. Мәжіліс бірінші оқылымда радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мәселелері бойынша да заң жобасын мақұлдады. Сонымен қатар заң жобасында радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институтын құру қарастырылған. Ол радиоактивті қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, көму және ұзақ мерзімді мониторинг жүргізу сияқты негізгі функцияларды атқарады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.