Қазақстан мен Түркия президенттері стратегиялық ынтымақтастықты талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды Тәуелсіздік сарайында қарсы алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Әуе қорғанысы күштерінің жойғыш ұшақтары аспанда Түркия туының бейнесін жасады. Одан кейін тараптар шағын құрамда келіссөз жүргізіп, Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысына қатысты. Жиында көлік-логистика саласының маңызына ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қызығушылық артып келе жатқанын айтып, түрік компанияларын Ақтау порттары арқылы жүк тасымалын дамыту жобаларына белсенді қатысуға шақырды.Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін де талқылады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 5,4 млрд доллардан асқан.
ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция тартылды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясы да өсіп, 2,5 миллиард долларға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі – негізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос халықтың мәдени-гуманитарлық байланыстары қарым-қатынасымыздың алтын арқауы саналады.

РЕЖЕП ТАЙИП ЭРДОҒАН, ТҮРКИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенімізді растадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада өткен Үкіметаралық экономикалық комиссияның 14-ші отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын Іс-қимыл жоспарын жүзеге асырудың маңызына тоқталдық. Инвестиция саласында компанияларымызды ынталандыруды жалғастырамыз.

Қазақстан мен Түркия ынтымақтастығының айқын үлгісінің бірі – Газиантеп провинциясында бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи атындағы жаңа мектеп. Білім ордасын Қазақстан тарапы жер сілкінісінен зардап шеккен өңірге қолдау ретінде салды. Заманауи мектеп жүздеген оқушыға арналған. Мұнда зертханалар, кітапхана, спорт алаңдары және қазақтың киіз үй үлгісінде жасалған демалыс орындары қарастырылған. Құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздік талаптарына ерекше мән берілген. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға түркі әлеміндегі ең жоғары марапаттардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи атындағы орденін табыстады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал