Түркия жасанды интеллект дәуірінде тек технология тұтынушысы емес, оны өндіруші мемлекетке айналуды көздейді. Елдің Ұлттық жасанды интеллект стратегиясында ЖИ-дің жалпы ішкі өнімге қосатын үлесін 5 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Алдағы жылдары Түркия бұл саладағы маман санын 50 мыңға дейін арттырып, жыл сайын 10 мыңнан астам жоғары білімді AI түлегін даярламақ.
Түркияда жасанды интеллект кездейсоқ немесе нарық ықпалымен емес, нақты мемлекеттік жоспар арқылы дамып жатыр. Бұл бағытты Президент әкімшілігіне қарасты Цифрлық трансформация кеңсесі үйлестіреді. Елдің мақсаты — шетелдік технологияға тәуелді болмай, ЖИ жүйелерін өзі жасап, әлемдік технологиялық ойыншылар қатарына қосылу.
РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Жасанды интеллектіден бастап автономды жүйелерге дейін соғыс алаңы түбегейлі өзгеріп жатыр. Бұл жаңа дәуірде тек қару емес, технологиялық экожүйе шешуші рөл атқарады. Біз жасанды интеллектіні тек қолданушы ел емес, оны өндіретін және жаһандық технологиялық ережелерді қалыптастыратын мемлекетке айналуды мақсат етеміз.
МЕРУЕРТ ҚАНАҒАН, ТІЛШІ:
— Бүгінде соғыс алаңында нысананы адамнан бұрын анықтайтын дрондар мен дәрігерден жылдам диагноз қоятын алгоритмдер бар. Осындай технологияларды қарқынды дамытып жатқан елдердің бірі – Түркия. Анкара жасанды интеллектіні экономикада ғана емес, қорғаныс, медицина және білім беру жүйесінде де ұлттық басымдыққа айналдырды.
Әсіресе қорғаныс пен аэроғарыш саласында Түркияның қарқыны жоғары. Жасанды интеллектімен жабдықталған «Bayraktar TB3», «Kızılelma» және «Anka-3» аппараттары нысананы өздігінен анықтап, шешім қабылдай алады. Түрік дрондары кей сынақтарда операторсыз топтық миссия орындаған. Ал автономды теңіз катерлері мен сүңгуір аппараттар да ЖИ арқылы басқарылады.
СЕЛЖУК БАЙРАКТАР, «BAYKAR» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Егер біз өз технологиямызды өндірмесек, өзгелердің ережесімен өмір сүреміз. Сондықтан технологиялық тәуелсіздік – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бүгін тәуелсіздікке ең үлкен қауіп – шекарадағы армиялар емес, технологиялық тәуелділік.
Жасанды интеллект Түркияда медицина саласын да өзгертіп жатыр. Елде онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын AI жүйелері кең қолданыла бастады. Бұл статистиканың көбеюі халық денсаулығының нашарлағанын емес, керісінше диагностиканың күшейгенін көрсетеді. AI алгоритмдері өкпе зақымдануы мен қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтап, кей жағдайда диагнозды дәрігерден де жылдам қоя алады.
ОСМАН ТОЛГА КАСКАТЫ, ТҮРКИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ ЖИ СТРАТЕГИЯСЫ БАСҚАРУ ТОБЫ МҮШЕСІ:
— Қазір Түркияда 480-нен астам жасанды интеллект стартапы жұмыс істейді, ал медицина бұл технология ең жылдам дамып жатқан салалардың біріне айналды. Бүгінде AI миллиондаған маммография нәтижесін талдап, күмәнді жағдайларды ерте анықтауға көмектеседі. Қатерлі ісік те тап солай. Ал «Neyim Var?» жүйесі науқастың шағымдары мен медициналық деректерін саралап, ықтимал диагноз бен қажет дәрігерді ұсына алады. Басты мақсат – медициналық деректерді жасанды интеллект арқылы нақты шешім қабылдайтын жүйеге айналдыру.
Түркияның технологиялық амбициясының символына айналған жобалардың бірі – «TEKNOFEST». Бұл әлемдегі ең ірі авиация және технология фестивальдерінің қатарында. Мұнда мыңдаған жас стартап өз жобасын ұсынып, миллиондаған долларлық гранттар мен инвестицияға қол жеткізеді. Түркия жасанды интеллектіні болашақ технологиясы емес, қазіргі геосаяси құрал ретінде қабылдады. Сондықтан ел цифрлық тәуелсіздік үшін күресті бүгіннен бастап кеткен.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.