СҚО-да тұратын оқушы тыңшы дрон ойлап тапты

Білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі пилоттық жоба 2026 жылдың жазына дейін басталып, қыркүйекке дейін ЖИ қолдану стандарттары бекітілмек. Аталған стандарттар қазірдің өзінде Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептерде іске асырыла бастады. Тіпті тыңшы-дрон ойлап тауып, халықаралық байқауларда топ жарған оқушылардың жетістіктері де бар.
Әлібек дрондарды радиоэлектронды оқшаулау кезінде де ұшыра алады. Себебі оның қондырғысы түрлі тосқауылдан қорғайтын ақылды жүйемен жабдықталған. Әрі ол жасанды интеллект арқылы басқарылады. Яғни, тыңшы-дрон еш қиындықсыз 7 шақырымға дейін ұшып, айналада болып жатқан мән-жайды таспалайды. Қажет болған жағдайда кез-келген тапсырманы орындайды.

ӘЛІБЕК СЕЙІТҚАЗИН, ЖОБА АВТОРЫ:
— Қазіргі таңда дрондар қақтығыстарда маңызды рөл атқарады. Алайда оларды радиоэлектронды сигналдар арқылы бағытынан адастырады. Сондықтан осы мәселені шешу үшін мен лазерлік байланысты пайдаландым. Ал лазер радиотолқындарға еш тәуелді емес.

Әлібектің бұл жобасы биыл халықаралық байқауда үздік үштіктен көрінді. Өнертапқыш енді оны әрі қарай жетілдіруді көздеп отыр.

9-сынып оқушысы Дмитрий Глухих та жобасын жуырда іске қосады. Ол ойлап тапқан инновациялық платформа ұстаздардың нағыз көмекшісіне айналмақ. Яғни, бұдан былай енді үй тапсырмасын жасанды интеллект тексеріп, бағалайды. «Ол үшін небәрі 10 секунд уақыт жеткілікті», — дейді жоба авторы.

ДМИТРИЙ ГЛУХИХ, ЖОБА АВТОРЫ:
— Біріншіден, бұл жүйеде мәтінді көшіріп алуға болмайды. Екіншіден, ұялы телефонмен скриншот жасауға мүмкіндік жоқ. Себебі шектеу қойылған. Үшіншіден, егер оқушы қосымшадан 10-15 секундқа шығып кетсе, берілген тапсырма жойылады.

Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейі былтырдан бастап оқу -әдістемелік бағдарламасында жасанды интеллектіні қолдануда. Білім ұясында цифрландырылған жүйелер әр сыныпта қолданылады.

ҚУАТ ҒАББАСОВ, IT МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жасанды интеллектісіз заманауи білім беру жүйесін елестету қиын. Өзім информатика пәнінің мұғалімі болғандықтан, оның тиімділігін күнделікті сабақ барысында көріп жүрмін. Оқушылар ақылды жүйенің көмегімен түрлі презентациялар дайындайды. Балалар 10-нан астам жоба жүзеге асты.

Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл оқу бағдарламасына тың серпін беріп, жастардың креативті идеяларымен жобаларын жүзеге асыруға жол ашары сөзсіз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал