Астанада география пәнінен Geo Star олимпиадасы өтіп жатыр

Астанада ұлттық Geo Star олимпиадасы өтіп жатыр. География пәнінен ұйымдастырылған білім бәйгесіне еліміздің 15 өңірінен 60-қа жуық оқушы қатысуда. Биыл олимпиада қатысушылары білім сайысымен қатар, экологиялық бастамаға да атсалысып, Көктал саябағында ағаш отырғызды.
Төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан ұлттық Geo Star олимпиадасының қатысушылары елорданы көгалдандыруға атсалысты. Тек география пәні бойынша өтетін сайысқа еліміздің 15 өңірінен 60-қа жуық оқушы жиналды. Олимпиада барысында олар оң жағалаудағы Көктал саябағы аумағында ағаш отырғызып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.

Олимпиадаға тек 7-8 сынып оқушылары қатысады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – халықаралық олимпиадаларға жол ашатын үлкен бастама. Geo Star оқушылардың география пәніне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да бағытталған.

МҰСТАФА ҚЫСТАУБАЙҰЛЫ, ОЛИМПИАДА ҚАТЫСУШЫСЫ:
— Бұл олимпиаданың пәндік олимпиадалардан ерекшелігі – тек мультимедиялық емес, практикалық тапсырмалардың да жоғары деңгейде өткізілуі. Ұлттық олимпиада өте ұнады, қызықты өтіп жатыр.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Айта кетейік, үздік қатысушы халықаралық олимпиадаға жолдама алады. Осылайша, Geo Star олимпиадасы жас географтардың білімін шыңдап, олардың үлкен ғылым жолына қадам басуына мүмкіндік беріп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал