Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді. «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылып отыр. Саммитке ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары, бақылаушы елдердің өкілдері, ұйымның Бас хатшысы, Ақсақалдар кеңесі мен түркі ынтымақтастық ұйымдарының жетекшілері қатысады.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
– Түркістан жоғары мәртебелі меймандарды қарсы алып, халықаралық деңгейдегі маңызды саммитке дайын. Ауқымды жиыннан тікелей хабар тарату үшін әлемнің әр түкпірінен 500-ге жуық БАҚ өкілі келген. Саммит қарсаңында түркі әлемінің рухани астанасы ерекше құлпырып, тарихи шаһардың ажары одан сайын айшықтала түскен. Түркістан күллі түркі жұрты үшін рухани орталық әрі қара шаңырақ саналады, сондықтан тамыры бір, бауырлас елдердің ортақ болашағын дәл осы жерде талқылаудың маңызы зор. Биылғы басқосудың негізгі тақырыбы – «Жасанды интеллект және цифрлық даму».
РИЗЗАТ ТАСЫМ, ҚҚДИ ИТР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
– Цифрландыру деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 24 орында. Одан бөлек бүгінгі таңда барлық мемлекеттік қызмет 93 пайыз онлайн көрсетіледі. Биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Жалпы осы саладағы жиынтық сұрақтардың барлығы түркі мемлекеттеріне ортақ және киберқауіпсіздік мәселелері бар. Бастысы – цифрландыру мен желілендірудің потенциалын экономикалық тұрғыда арттыру.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
– Жиында қоғамдық институттар мен халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылар мен сала мамандары цифрландыру мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарын талқылайды. Сарапшылардың айтуынша, бұл бағыттағы түркі елдерінің ынтымақтастығы экономикалық даму мен технологиялық серпінге тың мүмкіндік береді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.