Дәрігерлер әйелдердегі онкологиялық ауруды емдеудің жаңа мүмкіндіктері туралы айтты

Қатерлі ісік жас әйелдердің арасында да жиілеп барады. Былтыр Қазақстан бойынша 43 мыңнан астам адам алғаш рет есепке алынған. Десе де мамандар қазіргі медицина дертті ерте анықтап, емдеумен қатар ана болу мүмкіндігін сақтауға да жол ашқанын айтады. Астанада өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда отандық және шетелдік дәрігерлер әйелдер онкологиясындағы заманауи тәсілдерді талқылады.
Бүгінде онкологиялық аурулар репродуктивті жастағы әйелдер арасында жиі анықталады. Тіпті кей жағдайда дерт жүктілік кезінде белгілі болады. Осыған байланысты ерте диагностика мен дер кезінде ем жүргізу мәселесі өзекті болып отыр. Дәрігерлер қатерлі ісікті анықтау, емдеу және репродуктивті денсаулықты сақтау бағытындағы тәжірибелерін бөлісті.

САЛТАНАТ БАЙҚОШҚАРОВА, ЭМБРИОЛОГ-РЕПРОДУКТОЛОГ:
– Қатерлі ісікпен ауырған кісілер көбіне өмірден үмітін үзеді. Сол аурумен күреседі. Ал қазіргі кезде мына онкологиялық қатерлі ісікті емдеудің жаңа технологиялары пайда болды, өмірге үміт пайда болды. Кейде ауру асқына бастаған жағдайдың өзінде өмірге үміт бар деген қорытынды жасауға болады.

Жалпы еліміз бойынша онкологиялық есепте 230 мыңнан астам адам тұр. Тек былтыр Астанада 3 жарым мыңға жуық адамнан қатерлі ісік анықталған. Әйелдер арасындағы онкологиялық дерттердің ішінде сүт безі обыры бірінші орында. Ал жатыр мойны обыры алғашқы бестікте.

Мамандар: «Мұндай ғылыми кездесулер тәжірибе алмасып қана қоймай, емдеудің жаңа тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді», — дейді. Ал дертпен күрестегі ең маңызды қадам – ауруды ерте анықтау. Сондықтан дәрігерлер әйелдерді тұрақты түрде тексерістен өтіп тұруға шақырады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал