Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылды. Бұл – түбі бір түркі әлемі үшін тарихи оқиға. Маңызды саммиттің өтетіні туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында осы өңірге жасаған жұмыс сапарында мәдімдеген еді. Содан бері киелі мекенде үздіксіз дайындық жүргізілді. Ер түріктің бесігінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, әр өңірден, күштік құрылым өкілдері мен тегеурінді техника тартылды. Айтулы жиынға бес мемлекеттің басшысы қатысты.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Кездесу – мемлекет басшыларына еркін пікір алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды саяси алаң. Осыған байланысты киелі мекенде «Түркі шаңырағы» аталатын арнайы кешен де салынды. Құрамына бірнеше киіз үй мен Тайқазанды біріктіретін кешен Қазақстан картасының бейнесінде жасалған. Тоғыз жолдың торабында Тайқазанның макеті орналастырылды. Маңызды жиынға байланысты ер түріктің бесігі – Түркістанда қауіпсіздік шаралары да күшейтілген режимге көшті. Көне қалаға әр өңірден күштік құрылым өкілдері тартылды, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ауқымды құрам жұмылдырылды. Тарихи шаһар Түркістанға табан тіреген түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары алдымен киелі шаһарды аралады.
Бейресми саммитте Президент Түркістан қаласының тарихи әрі рухани маңызына ерекше тоқталып, оны «түркі жұртының бесігі» және «екі дүниенің қақпасы» деп атады. Президенттің айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – рухани бірлік пен тарихи сабақтастықтың символы. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауи ілімінің бүгінгі қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» бастамаларының негізінде Ясауидің гуманистік көзқарастары жатқанын айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ясауидің тағылымды ойлары мен хикметтері – түркі халықтарының баға жетпес байлығы. Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз Ясауидің гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз. Қазір елімізде «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз – ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады.
Сондай-ақ, жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттеріне ортақ IT-HUB құру туралы ұсыныс айтты. Маңызды хабты Turkic-AI деп атауды ұсынған Мемлекет басшысы – бұл идея арқылы ұйымға мүше елдер үшін бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуы мүмкін екенін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа «Turkic AI» атауын беріп, оны Alem.AI орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз.
Шетелдік делегаттар да Қазақстан Президентінің бұл идеясын қолдайды. Халықаралық сарапшылар түркі мемлекеттеріне ортақ жүйенің қажет екенін айтады. Бұл елдер арасындағы ғылыми, мәдени және саяси қарым-қатынастың жаңа деңгейге шығып, тарихын терең тани түсінуге зор ықпал етпек.
ХАЛИЛ ЧЕТИН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:
— Біз бүкіл түркі мемлекеттерінің ішіндегі мекемелермен, ғылым ордаларымен бірлесіп, электронды кітапхана құрсақ, түрік мемлекеттері оның ішіне кіріп, керек ақпаратын алады. Бізге бұның ненің пайдасы не десек, бұл мемлекеттің бір басқа мемлекетке барып, ол жақтан кітап не басқа бір нәрсе алып уақыт өткізбей, бір базаның ішінен тікелей алуына мүмкіндік береді. Бұл түрік мемлекеттерінің бір-бірімен қарым-қатынасын нығайтып, ғылым жағынан дамуына өте жақсы мүмкіндік береді.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТЛІШІ:
— 17 жылдық тарихы бар Түркі мемлекеттері ұйымының құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Ал Венгрия мен Түрікменстан ұйым жұмысына бақылаушы мемлекет ретінде қатысып келеді. Бүгін мемлекет басшылары қазіргі күннің өзекті тақырыбына айналған «Жасанды интеллект және цифрлық даму» мәселелерін талқылады. Биылғы бейресми саммиттің Түркістанда өтуі кездейсоқ емес. Түркі халықтарының рухани тамырын тоғыстырған көне шаһар бүгінде түркі әлемінің маңызды мәдени және саяси орталықтарының біріне айналып келеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.