Депутаттар «Халық кеңесі» туралы заң жобасын мақұлдады

Елімізде 1 шілдеден бастап жаңа орган ресми түрде жұмысын бастауы мүмкін. Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында депутаттар «Халық кеңесі» туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл құрылымның өкілеттігіне не кіреді? Оған қанша адам мүшелік етпек?
«Халық кеңесі» бұқара мен мемлекет арасындағы ашық диалог алаңына айналуды көздейді. Яғни азаматтар осы ұйым арқылы мәселелер мен ұсыныстарын билікке тікелей жеткізе алады. «Бірақ жаңа құрылым қазіргі мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамайды», — деді Әділет министрі.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:
— «Халық кеңесі» – ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы. Конституциялық заң жобасында Қазақстан Халық кеңесінің нақты ұйымдастырушылық моделі қалыптастырылған. Негізгі мәселелер бойынша шешім қабылдайтын жоғары басшылық орган, сессия саналады.

Халық кеңесі жанынан тұрақты және уақытша комитеттер құрылады. Ұйымдастыру және сараптамалық жұмыстармен арнайы хатшылық айналысады. Ол жеке мемлекеттік орган ретінде жасақталады. Ал кеңеске барлығы 126 адам мүшелік етпек. Бұл этномәдени бірлестік, қоғамдық ұйым мен үкіметтік емес сектор, қоғамдық кеңес өкілдері. Яғни кеңес құрамына қоғамдық жұмыста тәжірибесі бар азаматтар ғана кіреді.

ЕРЛАН САИРОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Халық кеңесі құрылтайға заң жобаларын ұсына алады. Қазақстан Республикасында референдум өткізу жөнінде бастамашы бола алады. ҚР ішкі саясаты бойынша барлық аспектіге өзінің ұсыныстарын бере алады.

Айта кетейік, Халық кеңесін құру туралы бастама алғаш рет жаңа Конституция жобасы талқыланған кезде көтерілді. Билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналатын жаңа орган 1 шілдеден бастап ресми жұмысын бастауы мүмкін. Тиісті құжат бүгін бірінші оқылымда қолдау тапты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал