Атырау облысында бүтін бір отбасын қырып салған қанды қылмысқа қатысты сот отырысы басталды. Бүгін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта алдын ала тыңдау өтті. Айыпталушыға төрт баппен 13 айып тағылып отыр. Айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті ас үй пышағымен өлтірген. Олар алдымен отбасылық жанжалды шешу үшін теміржол вокзалында кездескен. Марқұмның атына бірнеше несие рәсімдеп, өзге де қаражатын иемденген.
МИРАС БАУЫРЖАНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:
— 15 мамыр 2025 жылы сағат 15:29-да 1 млн 698 590 тг, 19 мамыр 2025 жылы 19:07-де 150 мың теңге, 21 мамыр 2025 жылы сағат 11:21-де 999 980 тг, 21 мамыр 2025 жылы 12:26-да 1 млн 200 тг тауарлық несиелерді рәсімдеп, қолма қол ақшаға айналдырып, Мұқанғалиев Наурызға барлығы 4 млн 48 570 тг көлемінде материалдық шығын келтіріп, көрсетілген ақша қаражатын өз қажетіне жұмсаған.
Айыптау актісінде 2025 жылдың 3 қарашасында тағы екі адам – Нәсіп Өтешқалиева мен Мақсот Қарабалиннің өлтірілгені көрсетілген. Тергеу мәліметінше, күдікті ауладағы сарайда алдын ала пышақ дайындап, қолайлы сәтті күткен. Кейін екі адамға да бірнеше мәрте пышақ сілтеген. Ал 5 қараша күні Мейрамгүл Мұқанғалиеваны «Мұнайшы» ықшам ауданындағы жалдамалы пәтерге апарып, өлтіріп, денесін Наурыздың қасына көмген деген айып тағылды. Сот отырысында күдікті кінәсін толық мойындады
СҰЛТАН СӘРСЕМӘЛИЕВ, КҮДІКТІ:
— Жасаған қылмыстарыма да, оған берілетін ең ауыр жазадан да жалтармаймын. Өмір бойғы жазаға да дайынмын.
Прокурор басты сот талқылауын тағайындауды сұрады. Күдікті істі алқабилердің қатысуымен қараудан бас тартқан. Сот қаулысымен басты сот отырысы 28 мамыр күні сағат 10:00-ге белгіленді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.