LRT елорда жолдарындағы жүктемені азайтуға көмектеседі

Шашу мен селфи. Қуаныш пен мақтаныш. Жылдар бойы жалғасқан құрылыс жұмыстары мен сан түрлі сынақтан кейін Астанада LRT ресми түрде жолаушыларға есігін айқара ашты. Ұзындығы 22 шақырымнан асатын желі әуежай мен «Нұрлы жол» вокзалын байланыстырады. Жоба аясында 18 станция қарастырылған. Жол бойында елорданың іскерлік, әкімшілік және әлеуметтік маңызы бар нысандары қамтылған.
Astana LRT-ның іске қосылуы елорда тұрғындары үшін нағыз мерекеге айналды. Жаңа көлікпен жүріп көргісі келгендердің көп болғаны сонша, кей бекетте ұзын-сонар кезек пайда болды.

Жүйенің үздіксіз жұмысын тәулік бойы мамандар бақылап отырады. LRT-ні іске қосу үшін 500-ге жуық қызметкер арнайы дайындықтан өткен. Оқытудың бір бөлігі Қытайда симуляторлар мен нақты жабдықтарда жүргізілді. LRT күн сайын таңғы 6-дан кешкі 11-ге дейін жұмыс істейді. Әуежайдан вокзалға дейінгі жол шамамен 40 минутты алады. Пойызы құрамы толық автоматтандырылған. Станциялар мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін лифт және эскалатормен жабдықталған. Сонымен қатар LRT автобусымен бірге бірыңғай көлік жүйесінің бір бөлігіне айналып, елорда жолдарындағы жүктемені азайтуға көмектеседі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал