Solana фестивалі: 2000 жылдардың хиттері қайта шырқалды

Әлемдік музыканың мыңдаған жанкүйері Алматыда өткен Solana фестиваліне жиналды. Бір сахнада хиттері жылдар бойы чарттардан түспеген жұлдыздар өнер көрсетті. Flo Rida, Busta Rhymes, Tyga, Nicole Scherzinger, Timbaland, Keri Hilson және John Newman көрерменді бір сәтке жастық шағына қайта жетеледі.
Өнерсүйер жұрт концерт басталардан бірнеше сағат бұрын стадион маңына жинала бастады. Бірі достарымен келсе, енді бірі отбасымен келген. Көпшілік мұндай шоуды ұзақ күткенін жасырмады. Шоу басталған сәттен-ақ стадион әлемдік деңгейдегі алып музыка алаңына айналды. Көрермен телефонға түсіріп, әр әнге қосылып айтып отырды.

Көз тартар сахналық жарық пен әсерлі көріністер. Осындай ауқымды қойылымның артында ондаған маманның тынымсыз еңбегі жатыр. Концерт бірнеше ай бойы дайындалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай деңгейдегі әртістермен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен ұсақ-түйекке дейін мұқият болуды талап етеді. Жұлдыздардың ұшып келуінен бастап райдерлеріне дейін, тіпті сахнаға шығу сәтіне дейін бәрі алдын ала жоспарланған.

АЙЖАН СМАҒҰЛОВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
— Әрине, оңай емес. Кез келген жұмыс оңай емес қой. Әсіресе адамдармен жұмыс істеу қиын. Әр адамның мінезі әртүрлі, әртістер де солай. Өте қызық, шығармашыл жандар. Жалпы, бұл концертке шамамен 80-90 адам жұмылдырылды.

«Мұның бәрі көрерменнің көңіл күйі үшін жасалады», — дейді ұйымдастырушылар. Ал әсері шынымен де ерекше болды. Бірі әлемге әйгілі әртістердің шығармашылығымен алғаш танысса, көпшілік үшін бұл кеш сағыныш кешіне айналды. Жастық шағы өткен 2000 жылдарға бір сәт қайта оралғандай күй кешті. Ол жылдары бұл хиттер дүркіреп тұрған еді.

Мұндай концерттер Алматының әлемдік деңгейдегі шоу өтетін қала ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтып келеді. Бұл кеш бірнеше буынды бір арнаға тоғыстырды. Себебі жылдар өтсе де, көпшілік жатқа білетін әндер қайта жаңғырып, стадионды тербетті.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал