Алатау қаласында қытайлық және америкалық аэротакси сынақтан өтіп жатыр

«Таксимен ұшып келдім» дейтін күн жақын. Алатау қаласында алғашқы аэротакси сынақтан өтті. Жоба авторларының айтуынша, тік көтеріліп, тік қона алатын электрлі ұшу аппараты әзірге тек жүк тасиды. Ал жолаушылар оған қашан міне алады?
Алатау аспанынан жұрт көріп шошыған, бұрын көрмеген ұшу аппараты осы аэротакси болып шықты. Фантастикалық кинолардағы машинаға ұқсайтын «болашақтың көлігін» жауапты мамандар кешеден бері сынақтан өткізіп жатыр. Біздің ел аспанында ұшатын аэротаксидің қытайлық және америкалық екі нұсқасы қарастырылып жатыр. Біреуі – AutoFlight компаниясының eVTOL деп аталатын ұшу аппараты.

KELLEN XIE, AUTOFLIGHT ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
— eVTOL пилотсыз да ұша алады. Дегенмен жердегі мамандар ұшу мен қонуды бақылап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, бұл көлік түрі электр қуатымен жұмыс істейтіндіктен, ауаға зиянды қалдық шығармайды. Құрылымы да қарапайым, оны күтіп ұстау мен пайдалану жеңіл. Оған ұшу-қону жолағы қажет емес. Яғни кең әуежайсыз-ақ тік көтеріліп, қона алады.

Жобаны жүзеге асырып жатқан компания өкілдерінің сөзінше, Алатау қаласы – мұндай технологияны енгізуге таптырмас алаң. Себебі шаһар басынан бастап «ақылды қала» қағидатымен салынып жатыр. Соның ішінде қалалық әуе мобильдігі де бірден бас жоспарға енгізілген. Яғни кейін дайын инфрақұрылымды бейімдеп әуре болмайды. Тік көтеріліп-қонатын электрлі әуе көлігі бастапқыда тек жүк тасымалы мен жеткізу қызметіне қолданылады. Кейін өрт сөндіруге көмек көрсетуге пайдаланылмақ. Әбден сыналған соң, электрлі әуе таксиі шамамен 2028 жылға қарай жолаушы тасымалдай бастайды.

ДАНИЯР ӨТЕУЛИН, ALATAU ADVANCED AIR GROUP ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ:
— Қазір біз серіктестерімізбен бірге қанша адам бұл қызметті пайдалана алатынын есептеп жатырмыз. Алғашқы кезеңде негізгі бағыт Алатау қаласы, Алматы және Алматы облысы болады. Әсіресе туристік бағыттар қарастырылып жатыр. Ал кейін тәжірибе жинақталған соң, жобаны Қазақстанның басқа қалаларына, одан кейін Орталық Азияға шығамыз.

Аэротаксидің бағасы қанша болатынын Көлік министрі де айта алмады. Нұрлан Сауранбаев бастапқыда әуедегі такси қызметі қымбат болады деп болжап отыр.

НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, КӨЛІК МИНИСТРІ:
— Таксиге екі және төрт адамдай отырады. Оның жылдамдығы сағатына 200 км болады. Жүретін радиусы – 250 км-ге дейін. Бұл – бірінші қадам. Сондықтан қымбаттау болады. Бірақ болашақта көбейгенде, аэротаксимен жүруге бәрінің мүмкіндігі болады.
Алатауды аэротаксимен қамтуға мемлекеттен ақша бөлінбейді, 250 млн доллар инвестордың жеке қаражаты тартылады деген ақпарат бар.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал