Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен халықаралық симпозиум өтті. Ол «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» деп аталады. Ауқымды іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен делегациялар қатысты. Олардың қатарында археологтар, шығыстанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, дипломаттар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бар. Жиында сөз сөйлеген Президент Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеуге арқау болғанына тоқталды. Бұл тақырып әлі де өзекті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да – осы. Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ қазақ даласындағы тарихтың қайта жазылуына қатысты ойын айтты. Президенттің пайымынша, Алтын Орда дәуірін отандық тарихымыздың маңызды бөлігі әрі ол кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастыру керек. Осы ретте Мемлекет басшысы Алтын Орда мәселесін зерделеу бойынша іргелі бастамаларды қолға алуды ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен жақында Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды ұсындым. Сонымен қатар Алтын Орда мәселесін зерделеп жүрген шетел мамандарын жұмылдырып, баспа саласына қатысты іргелі бастамаларды қолға алу қажет. Креативті индустрия және медиа бағытындағы түрлі жобалар, ең алдымен, академиялық зерттеулерге арқа сүйеуі керек. Жаһандану, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде көшпенділік, яғни номадизм тұжырымдамасы туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру – өте маңызды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.