Хантавирус қаупі: қазақстандықтарға қай елдерге бармауға кеңес берілді?

Әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қазақстандықтарға қай елге барудан бас тартқан жөн? Жалпы, қауіпті індеттен өзіңізді қалай қорғай аласыз? Еске сала кетейік, мамыр айында Аргентина елінен Оңтүстік Атлантика бағытына шыққан круиздік лайнерде хантавирус инфекциясы анықталды. Салдарынан жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында ауру тарап, үш адам көз жұмған. Бұл қаншалықты қауіпті вирус?
Әлемде хантавирусқа қатысты алаңдаушылық күшейді. Осыған байланысты санитарлық дәрігерлер шетелге шығатын қазақстандықтарға ескерту жасады. Мамандардың айтуынша, вирус көбіне кеміргіш арқылы тарайды. Қазір Оңтүстік Америка елдерінде, атап айтқанда, Аргентина, Боливия, Бразилия, Парагвай мен Чилиде эпидемологиялық ахуал күрделі.

Жалпы еліміз вирус тараған жағдайда оған төтеп беруге дайын ба? Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның пандемияда әрекет ету тәжірибесі бар. Коронавирус өршіген кезде мемлекет шетелде қалған мыңдаған туристі елге қысқа уақытта қайтарған. Сондықтан эпидемологиялық жағдай ушықса, туристік бағыттарға шектеу енгізілуі де мүмкін. Ал туризм саласының сарапшылары сапар алдында міндетті түрде санитарлық жағдайды бақылап отыруға кеңес береді. «Қай елде эпидемиологиялық қауіп барын анықтап білгеннен кейін ғана жолға шыққан дұрыс», — дейді.

ИННА РЕЙ, «ТУРИСТІК ҚАМҚОР» ҚОРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Бүгінгі күні әзірге бірде-бір мемлекет хантавирусқа байланысты шектеу енгізбеді. Сондықтан туристік сапарларға тыйым салу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Қазір қазақстандық туристер көбіне Анталия мен Вьетнам бағыттарын таңдап жатыр. Әсіресе Вьетнамға соңғы мемлекетке сұраныс айтарлықтай артқан.
Ал санипэпидемиологиялық дәрігерлер: «Сапардан кейін 1-8 апта ішінде дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, жөтел немесе ентігу байқалса, бірден дәрігерге қаралу керек», — дейді. Әрі міндетті түрде қай елде болғанын ескерткен жөн. Еске салайық, жуырда Нидерландтың круиздік лайнерінде хантавирус өршіп, үш адам көз жұмған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әзірге 11 жағдай тіркелгенін хабарлады. Дегенмен мамандар Қазақстанда қазір хантавирус та, эбола вирусы да тіркелмегенін айтады. Ел шекарасында санитарлық бақылау күшейтілген. Жолаушылар оқшаулау пункттерінде арнайы тексерістен өтеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал