СҚО-дағы Мамлютка қаласында апатты үй опырылып, 8 отбасы далада қалды

Күн күркірегендей болды. Солтүстік Қазақстан облысы Мамлютка қаласында опырылған үйді көрген тұрғынның зәре-құты қашты. Зардап шеккен ешкім жоқ. Алайда 8 отбасы далада қалды. Енді тұрғындардың тағдыры не болмақ? Жергілікті билік тарапынан қандай көмек көрсетіледі?
Айгүл Жәкенова кешегі күнді қорқынышпен еске алады. Жұрт ұйқыдан енді оянған кезде, көрші үйдегі бірінші қабаттағы пәтердің төбесі опырылып, шаңырағы ортасына түскен. Қазір айнала қоршаулы. Дегенмен тұрғындар қирандының қасына балалар барып қала ма деп зәре-құты қашып, алаңдап отыр.

АЙГҮЛ ЖӘКЕНОВА, МАМЛЮТКА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Таңғы сағат 6:45 кеткен кезде бірдеңе тарс ете түсті. Кейін балам: «Шаң болып кетті», — дейді. Мен: «Көрші екі қабатты үйде жөндеу жүріп жатыр ғой. Соған материал әкеліп жатқан шығар», — деймін.
Мамлютка қаласындағы 16 пәтерлі баспана жарты ғасыр бұрын салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Халықтың айтуынша, үйдің бір жағынан спорт кешені, екінші бетіне жаңадан үй салынған. Қарқынды құрылыстың салдарынан ескі нысан сыр берген.

ТАНЗИЛЯ САДУОВА, МАМЛЮТКА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Көрші үйдің қазығы қағылғанда қабырға қозғала бастады. Артынша жылу құбырын тартты. Салдарынан жерасты суы көтеріліп, бізге жайылды. Мына жақтан спорт нысаны бой түзеді. Қала әкімі бәрін жөндедік деп есеп берді. Ал арты енді осылай болып отыр.

ЛЮДМИЛА ГАРКУША, МАМЛЮТКА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Жиналған судың кетуіне жағдай жасаңдар деп жауаптыларға талай мәрте өтіндік. Ешкім құлақ аспады. Айнала батпаққа айналып, үйіміз қисайды. Баратын жерім болса, бәрін тастап кетер едім. Бірақ амал жоқ, жанымды шүберекке түйіп отырмын.

Айта кету керек, тұрғындар осыған дейін үйге техникалық сараптама жасатқан. Қорытындысына сәйкес апатты екені расталды. Қазір далада қалған 8 отбасы көшіріліп жатыр. Әкімдік тарапынан оларға уақытша баспана ұсынылды.

ТЕМІРЛАН МАМАШӘРІПОВ, МАМЛЮТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ешкімді назардан тыс қалдырмаймыз. Әзірге қиын жағдайға тап болғандармен келісімшарт жасасып, жаңа үйге кіргізіп жатырмыз. Бірақ артынша олар баспана тауып, күзде дейін оны босатулары тиіс.
Жалпы облыс орталығын 40 шақырымдай жердегі Мамлютка қаласында бүгінде екі қабатты 40-қа жуық үй бар. Олардың дені әбден тозған. Қазір үшеуі апатты жағдайда. Ал шаhар бойынша 200-ден астам адам пәтер кезегінде тұр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал