Solana фестивалін ұйымдастырушылары сыннан сабақ алатынын айтты

Астанада өткен Solana халықаралық музыкалық фестивалі – ең ауқымды жобаның бірі. Әні хит болған әлемді аралаған әншілер шығып, халыққа ұмытылмас кеш сыйлады. Алайда концерт біткен соң желіде ұйымдастыруға қатысты қызу талқылау басталды. Кештен шыққан көрермен үйіне жетуге қиналған. Ұйымдастырушылар осы пікірді ескеріп, фестиваль стандартын жақсартуға ниетті екенін жеткізді.
Астанада өткен концерт басталмас бұрын, сахна алдына халық ерте жиналды. Көрермен өз орындарын іздеп, музыка ырғағымен билеп, сүйікті жұлдызын асыға күтті.

Фестивальге өзге қаладан келгендер де аз болған жоқ. Олар бұл кешке арнайы жоспар құрып, алдын ала дайындалған. Балалық шақтан тыңдап өскен әртістері келетінін естіген жанкүйерлер билеттерін сатып алып, елордаға ағылыпты.

Музыкалық кеш кешкі уақытта басталды. Күн астында сағаттап күткен көрермен сүйікті әншілері сахнаға шыққанда, шаршағанын бір сәтте ұмытты. Қазақ елінде өтіп жатқан шара болғандықтан, концерт шымылдығын ұлттық би ансамблі ашты. Осылайша шетелдік қонақтарға қазақы нақыштағы ерекше атмосфера ұсынылды.

Ашық аспан астындағы концерт көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Ал кеш жүргізушілері үшін бір сахнада шет елдік әншілермен бірге тұру – бала күнгі арманмен бетпе-бет келген сәт.

ДАСТЕН ШӘКІРОВ, КЕШ ЖҮРГІЗУШІСІ:
— Жас кезімізде осындай концертте болып, әлемдік жұлдыздарды көріп, естісек деген арманымыз болған. Ол кісілермен бір сахнада тұрып, өзің ағылшынша сөйлескен кезде, шыны керек, керемет әсер аласың.

Астана тағы да жұлдыздар мекеніне айналды. Сахнада Кери Хилсон, Тимбалэнд, Tайга, көпшілік асыға күткен Николь Шерзингер, Баста Раймс, Флоу Райда және арнайы қонақ Джон Ньюман өнер көрсетті. Әлемдік хит шырқалған кеш ұмытылмас эмоция сыйлады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал