Абай облысында «Қаладан ауылға» бағдарламасымен 162 отбасы отбасы қоныс аударған

Абай облысында сәуір айынан бастап «Қаладан ауылға» бағдарламасы іске қосылды. Жоба аясында соңғы үш айда ауылдарға 162 отбасы, яғни 540 адам қоныс аударған. Қағаз жүзінде – қарқын бар. Ал шынайы өмірде ше? Уәде мен жағдай қаншалықты қабысып жатыр?
Бұл – Үржар ауданы Қарабұйрат ауылындағы Арнау Мәтекұлына берілген баспана. «Қаладан ауылға» бағдарламасымен келген отбасыға ұсынылған үйдің бүгінгі күйі осы. Іргесі сөгіліп, қабырғасы қақырап, төбесі опырылып тұр. Мұны баспана деудің өзі қиын. Ішіне адам түгілі, мал кіргізу қауіпті. Кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін апатты нысан. «Жер береміз, жағдай жасаймыз» деген уәдеге сеніп, Жетісу облысынан төрт отбасы осында көшіп келген.
АРНАУ МӘТЕК, ҚАРАБҰЙРАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Көкөзек ауылында жер жоқ. Жер тимеді. «Жер берді, үй де тегін» дегеннен кейін, көші-қон басын осылай бұрдық.
Әзірге ауылға отағалары ғана келген. Айтуларынша, әйелдері мен балалары оқу жылы аяқталған соң көшіп келуі тиіс. Бірақ қазіргі жағдаймен отбасы әкелуге еш мүмкіндік жоқ. Сондықтан ер адамдар алдымен баспананы адам тұратын күйге келтіруге мәжбүр.

ДУМАН ЕРАСЫЛ, ҚАРАБҰЙРАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— «Қаладан ауылға» деген бағдарламамен келіп отырмыз. Жері, ауа райы жақсы. Баспанамыз нашар. Жөндейтін жері көп. Қабырғасы сөгіліп, төбесі түсіп жатыр. Соларды жөндеу керек. Маған әзір осы жағынан көмек керек болып тұр.

Қарабұйраттағы үйлердің басым бөлігі осы күйде. Жылдар бойы қараусыз қалған, қабырғасы сөгіліп, төбесі шөккен ескі үйлер. Бұл ауылға жаңа келген төрт отбасыдан бөлек тағы төрт шаңырақ осындай баспаналарды уақытша паналауға мәжбүр. Аудан әкімдігі болса, бос тұрған үйлерден басқа баспана жоқ екенін жасырмайды. Соған қарамастан, бұл баспаналар «уақытша тұруға жарамды» деп ұсынылған.

ЕРМЕК СЕЙЛЬГАЗИН, ҮРЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Көшіп келген отбасыға ауылдан ұсынған он үйдің арасынан таңдап, уақытша тұруға үймен қамтамасыз етілді. Сол үйге жергілікті әкімшілік тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғылықты жағдайға жеткізілді. Мемлекет тарапынан тұрғын үй сертификатын табысталу маусым айына жоспарланып отыр. Тұрғын үй сертификаты бойынша қаражат көлемі – 1600 АЕК. Яғни жеті млн теңгеге дейін сол ауылдан өзі таңдаған үйді алып береді. Қосымша ауылдың әкімшілігі тарапынан он гектар егістік алқабы табысталды.

Бағдарламаның тағы бір талабы отбасында мектеп жасындағы бала болуы керек. Қарабұйратқа келген 8 отбасының 18 баласы бар. Алайда ауылдағы мектеп тек 9-сыныпқа дейін білім береді. Жоғары сынып оқушылары күн сайын 18 шақырым жердегі көрші ауылға қатынауға мәжбүр болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал