Мектеп бітіру кешін мейрамхана, кафе, банкет залында өткізуге болмайды. Демалыс орындары мен табиғат аясында да тойлатуға рұқсат жоқ. Оқу-ағарту министрлігі ата-ана мен түлектерге осыны тағы ескертті. «Мектепке сыйлық жасаймыз деп ақша жинап, әуре болмасын», — деді.
Ешқандай той болмасын. Оқу-ағарту министрлігі санаулы күннен кейін мектеппен қоштасатын түлектер мен олардың ата-анасына мейрамханада ас та төк той жасап, думандатуға қаулымен тыйым салды. Шектеу балабақша, бастауыш сынып, колледж бітіріп жатқандарға да қатысты.
ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ:
— Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.
Мектептегілерге ата-аналардан ақша жинауға, сыйлық сұрауға да рұқсат жоқ. Ал аттестат пен диплом тапсыру рәсімі тек оқу орындарының ішінде ұйымдастырылуы тиіс. Бұған қатысты әлеуметтік желідегі ата-аналардың пікірі екіге жарылды.
Депутат Асхат Аймағамбетов: «Мұндай кештердің тек қызығы емес, қауіп-қатері де барын ескеру қажет», — дейді. Қымбат мейрамхана мен лимузин жалдап, салтанатты кеш өткізудің арты кейде жол апатына, тәртіп бұзуға, басқа да жағымсыз оқиғаларға ұласып жатыр.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Мектеп қабырғасында олар соңғы қоңырауын өткізеді. Мектеп вальсын билейді, ұстаздарына әдемі сөздерін айтады. Оның бәрі өтеді. Оны ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Ол өтуі керек, ол маңызды. Балаларға, ата-аналарына ерекше эмоция. Оны өткіземіз. Бірақ министрліктердің меңзеп отырғаны – басқа мәселе. Тәуекелдерге назар аудармаса болмайды. Өйткені ата-анасының қадағалауынсыз кетіп, коттедж жалдап, бір жаққа кетіп қалса, не болатынын бір құдай біледі.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Министрліктің бұйрығын ешкім елеп жатқан жоқ. Астанадағы бірқатар мейрамханаға хабарластық. Көбі түлектердің ата-аналарынан мектеп бітіру кешін өткізуге тапсырыс алғанын растады.
Коттеджді жалға беретіндермен де сөйлестік. Журналист екенімізді айтпасақ, үй қай күнге керек екенін сұрайды. Айтып едік, мектеп түлектерінен сұраныс жоқ деп қысқа қайырады. Коттеджін жалға беретін Айнұр Сақтағанқызы: «Қазір көбі ұрыс-төбелес шығарады деп үйді жастарға жалға беруден қашады», — дейді.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Мейрамхана мен демалыс орындарында түлектер кеші өтпейтінін қалай бақылайсыздар деп Оқу-ағарту және ішкі істер министрліктерінен сұрадық. Полиция бұл Оқу-ағарту министрлігінің шешімі, өздері қадағалайды десе, ондағылар полиция рейд жүргізеді деп кері сілтеді. Айта кетейін, биыл ел бойынша 215 мың түлек мектеп бітіреді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.