Парламент отырысында алты конституциялық заң жобасы мақұлданды

Енді халық қалаулыларына дөрекі сөйлеуге және депутаттық міндетіне қатысы жоқ мәселені көтеруге заңмен тыйым салынады. Парламенттің бірлескен отырысында тиісті заң заң қабылданды. Құжатта депутаттық әдеп талаптары нақты көрсетілген. Ал бұл норманы бұзғандардың ісі арнайы комиссияда қаралады. Сондай-ақ Президент мәртебесіне қатысты заң жобасы да мақұлданды.
Қазіргі Парламентте жұмыс қызу. Депутаттар 1 шілдеге дейін бірқатар маңызды құжатты қабылдап үлгеруі керек. Қос палата отырысында 6 бірдей конституциялық заң жобасы мақұлданды. Соның бірі – «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң. 12 тарау мен 60 баптан тұратын құжатқа алғаш рет «депутаттық әдеп» туралы арнайы бөлім енгізілді. Жаңа талапқа сәйкес, енді Құрылтай депутаттарына өзара жанжалдасуға, дауыс көтеруге және депутаттық міндетіне қатысы жоқ мәселелерді көтеруге тыйым салынады.

Отырыста Президент мәртебесіне қатысты тағы бір маңызды құжат қабылданды. Енді елімізде Вице-президент қызметі енгізілмек. Осылайша, бұл лауазым иесі билік жүйесіндегі екінші тұлғаға айналмақ. Жаңа қызметке кім тағайындалатыны әзірге белгісіз. Дегенмен әлеуметтік желіде бұл тақырып қызу талқыланып жатыр.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Әлеуметтік желіде түрлі пікір жүруі заңдылық, сөз бостандығы, пікір алуандығы дегендей. Қайсыбірін растап, жоққа шығарамыз. Ол кандидатураға байланысты мен де ешқандай нұсқа жоқ.
Айта кетейік, сондай-ақ қос палата депутаттары екінші оқылымда «Халық кеңесі », «Қазақстан Республикасындағы сайлау», «Әкімшілік-аумақтық құрылысы» және «Астана мәртебесі туралы» конституциялық заң жобаларын да қабылдады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал