Астанадағы жекеменшік мектепте ЖИ 5-сыныптан бастап арнайы пән ретінде оқытылады

Елорда мектебінің бірінде жасанды интеллекті тек ақпарат іздеу құралы ретінде емес, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырудың заманауи тәсілі ретінде кеңінен қолдана бастады. Білім ордасында ЖИ 5-сыныптан бастап арнайы пән ретінде оқытылып, оқушылардың цифрлық сауаттылығы мен креативті ойлауын дамытуға басымдық берілуде.
Бүгінде оқушылар мен мұғалімдер жасанды интеллектіні тек ақпарат іздеу үшін емес, оқу процесін тиімді ұйымдастыру құралы ретінде де пайдаланып жүр. Халықаралық жекеменшік мектепте жасанды интеллект 5-сыныптан бастап арнайы пән ретінде оқытылады.

МАҒЖАН ШОЙЫНОВ, МҰҒАЛІМ:
— Біздің мектепте оқушылар тек білім алып қана қоймай, заманауи технологияларды да меңгеріп жүр. Соның бірі – ЖИ-мен жұмыс істеу және prompt engineering бағыты. Бұл оқушылардың шығармашылық ойлауын, логикасын және цифрлық сауаттылығын дамытуға көмектеседі. Біздің мақсатымыз – оқушыларды болашақ технологияларды меңгеруге бейімдеп, білімді, креативті және заманауи ұрпақ тәрбиелеу.

Оқушылардың айтуынша, жасанды интеллект жоба жасауға, ақпарат табуға және түрлі пән бойынша тапсырмаларды орындауға көмектеседі. Алайда олар ЖИ-ден сапалы нәтиже алу үшін дұрыс сұрақ қоя білу маңызды екенін айтады.
Мамандардың пікірінше, болашақта тек білім емес, технологиямен жұмыс істеу дағдылары да ерекше сұранысқа ие болады. Сондықтан мектептер қазірден бастап оқушыларды цифрлық ортаға бейімдеуге басымдық беріп отыр.

ИЛЬЯС НҰРСЕЙІТОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Қазір ЖИ-дің ғасыры, сондықтан біз одан толық бас тарта алмаймыз. Сондай-ақ жас буынның қазірден бастағаны өздеріне де, бізге де пайдалы. Өйткені болашақта «Сіздің қандай дағдыларыңыз бар», «Жасанды интеллектіге қалай дұрыс сұрақ қоя аласыз», «Алдыңызға берілген жобаны қалай ЖИ арқылы шеше аласыз», сол сияқты дағдылар керек болады.

Жасанды интеллект білім беру саласының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ал мамандар жаңа технологияларды дұрыс меңгеру оқушылардың болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді дейді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал