Қазақстандықтардың миллиардтаған теңге айыппұлы кешірілуі мүмкін

Қазақстандықтардың миллиардтаған теңге айыппұлы кешірілуі мүмкін. Парламентте бұрын-соңды болмаған әкімшілік рақымшылық туралы заң жобасы қаралғалы жатыр. Құжат қабылданса, қауіпсіздік белдігін тақпағандар мен рөлде отырып телефон шұқыған жүргізушілер айыппұлдан құтылуы ықтимал.
Депутаттар кешірейік деп отырған айыппұлдың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін салынған. Мәжілісмен Снежанна Имашеваның айтуынша, оның жалпы сомасы бүгінде 40 млрд теңгеге жеткен. Сондықтан Парламент қабырғасында халықтың қалтасына салмақ салып тұрған айыппұлды есептен шығару мүмкіндігі талқыланып жатыр.

СНЕЖАННА ИМАШЕВА, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ:
— Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін құқық бұзушылықтар, атап айтқанда, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жылдамдықты асыру, мас күйінде көлік айдау рақымшылыққа ілікпейді. Қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе көлік тізгінінде телефон қолданған жүргізушілер айыппұлдан босатылуы мүмкін.

Снежанна Имашеваның айтуынша, рақымшылық тек заң күшіне енген сәтке дейін төленбей тұрған айыппұлға ғана қатысты болады. Яғни бұрын төленген айыппұлға бұл жеңілдік жүрмейді. Сонымен қатар тек негізгі айыппұл ғана емес, оларға қосылған өсімпұл да есептен шығарылуы мүмкін.

Заң жобасының авторы рақымшылыққа ілінетін баптың тізімі келесі аптада белгілі болатынын айтты. Құжат алдағы сессияларда қаралып, Парламент таратылғанға дейін қабылдау жоспарланып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал