Текелі тұрғындары қалдық қоймасынан ұшқан шаңнан қауіптенеді

Текеліде қорғасын-мырыш өндірісінен қалған қалдық қоймасы тұрғындарды алаңдатып отыр. Кезінде аймақ экономикасының тірегі болған ірі комбинат 13 жыл бұрын жабылғанымен, одан қалған өндірістік қалдық әлі күнге дейін толық жойылмаған. Ал жергілікті билік бірнеше жылдан бері аумақты қалпына келтіріп жатыр.
Техногендік қалдық қоймасы 1965 және 2012 жылдар аралығында пайдаланылған. Тереңдігі 67 метр болатын қазаншұңқырға 34 миллион тоннадан астам өндірістік қалдық төгілген. Шаң-тозаң ұшпас үшін арнайы су айдыны жасалған. Алайда тұрғындар жел күшейген кезде жағадағы ұсақ бөлшектердің айналаға тарайтынын айтады.

Алты жыл бұрын қалдық сақтау орнын консервациялауға мемлекеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ жұмыстар толық аяқталмапты. Мамандардың айтуынша, бастапқы жобада шахта сулары ескерілмей қалған. Содан бері экологтар нысанды толық рекультивациялау қажет екенін айтып келеді.

ЕРАСЫЛ БЕКЖАНОВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Қорғасын-мырыштың қалдықтары емес, басқа да ауыр металдармен орналастырылған. Яғни желдің экстремалды жоғары ластану жағдайлары болғанда, ауаға көтеріліп, қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Онкологиялық ауруларға дейін қоздыруы мүмкін.

Ал жергілікті билік 2020-2022 жылдары инвесторлармен келісім жасаған. Алайда зерттеу нәтижесінде жобалар экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылып, мердігерлер жұмысты жалғастырудан бас тартқан. Қазір әкімдік жаңа инвестормен келіссөз жүргізіп жатыр.

ҚУАНДЫҚ БАЙСАҚОВ, ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ол кісілер 2025 жылдың қараша айында келді. Қазір жерден анализ алды. Анализді зертханаға өткізіп қойды. Қорытындысы шыққаннан кейін, олар өңдеу жұмыстарын жүргізеді.
Ал тұрғындар мәселенің тезірек шешілгенін қалайды. Өйткені өңірде онкологиялық дертке шалдыққандар саны да артып келеді. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жылда есепте тұрған науқас саны 6 мыңнан 8 мың адамға дейін көбейген.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал