«JAN Production» ісіне қатысты тергеу жүріп жатыр

Балаңызды кино жұлдызына айналдырамыз деген жарнамаға сенген ата-ана: «Миллиондап ақша төлеп, сан соғып қалдық», — дейді. Қазір «JAN Production» ісіне қатысты тергеу жүріп жатыр, ал жәбірленушілер жарнамаға түскен танымал бірнеше актерді жауапқа тартуды талап етті.
Балаңызды лимузинмен әкеліп, қызыл кілеммен жүргіземіз, үлкен киноға түсіреміз. Танымал актердің «кастинг өтеді» деген жарнамасын көрген әке мен шеше актер боламын деп армандап жүрген 14 жастағы баласын алып, діттеген жерге жетеді. 1 миллион 600 мың теңге ақысын да ойланбастан төлейді. Бірақ…

ЕСЕН МҰХИТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Олар келісімшарт бойынша өз міндеттерін орындаған жоқ. Сондықтан осындай қадамға барып жатырмыз. Шырылдаған қаншама ата ана, қаншама бала бар?! Тек Алматы қаласынан емес, Астана, Атырау, Шымкенттен де жәбірленушілер бар. Қазір бағасын 1 млн 800 мың теңгеге көтерген. Жарнамасы әлі жүріп жатыр.
Есен Мұхит сияқты тағы бірнеше ата-ана осындай жарнамаға алданып қалғандарын айтады. Қазір бұл іске қатысты Полиция депратаменті тергеуді басталды. «JAN Production» киностудиясының директоры екі айға қамалған. Ал жәбірленушілер киностудияның жарнамасына түскен танымал актерлерді де қылмыстық жауапқа тартуды талап етіп отыр.

РАУШАН ОМАРОВА, АДВОКАТ:
— Қазақстанның танымал актері Жан Байжанбаев, Дәурен Айдарқұлов, Жанна Қуанышева, Қуандық Шәкіржанов және Берік Айтжанов қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс деп есептейміз. Қылмыстық кодекстің 190- бабы, 3-бөлігі бойынша олардың әрекетіне құқықтық баға берілуі керек.

Ал жарнамаға түскен белгілі актер киностудия жұмысына қатысымыз жоқ деп ақталды. Солардың бірі – Жан Байжанбаевпен телефон арқылы сөйлестік.

ЖАН БАЙЖАНБАЕВ, АКТЕР:
— Неге бәрі маған жабыла береді? Менен басқа біраз актер болды ғой. Мен жарнамаға ақылы түскен актермін. Шынымды айтсам, түсіндіруден шаршадым. Бұл мәселе наурыз айынан бері айтылып келеді. Оның үстіне, бізді ешкім тергеуге шақырған жоқ. Полицияның баспасөз қызметі актердің бұл іске еш қатысы жоқ деп екі рет мәлімдеді.

Ал шығынға басқан ата-ана ақшасын даулап жүр. Олар материалдық шығынмен қатар, моральдық өтемақы да төлеуді талап етті. Аузы күйген ата-ана мұндай жарнамаға елікпеуге шақырды. Балалардың арманын табыс көзіне айналдырған кәсіпкер заңмен жауап береді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал