Ұлттық өнерді заманауи технологиямен ұштастырған жан. Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мұғалімі цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, ерекше домбыра құрастырып шығарды. Бұл аспапты қолына алған азамат оны емін-еркін меңгере алады. Берік Аманжол өз жобасын патенттеп те үлгерген. Болашақта оны жасанды интеллектімен жабдықтауды жоспарлап отыр.
Бұрын зауытта инженер болған Берік Аманжол – қазір ауыл мектебінде мұғалім. Азамат қазақтың қос ішекті қара домбырасын түрлендіріп, көпшілікке ұсынды. Енді оны нота білмейтіндер де, оп-оңай меңгере алады. Яғни пернеде жарықдиодты шам орнатылған. Қажет композицияны таңдаған кезде, олар сізге бағыт-бағдар көрсетеді. Ал туындының ырғағы пульт арқылы басқарылады.
БЕРІК АМАНЖОЛ, ЖОБА АВТОРЫ:
— Домбыраның ішінде микроконтроллер орналасқан. Оны домбыраның миы деп айтуға болады. Қосатын және басқаратын түймелері бар. Бұл домбыра оның үстіне сөйледі.
Өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін аспап толықтай заманауи цифрлық технологиямен интеграцияланған. Әзірге бағдарламада «Көзімнің қарасы», еліміздің мемлекеттік әнұраны, би күйі және «Кузнечик» шығармасы енгізілді. Ал ұлттық аспапқа қазір өзге ұлт өкілдері де қызығушылық таныта бастаған.
ЕКАТЕРИНА СЕРБИНА, ОҚУШЫ:
— Заманауи «Дина» домбырасының арқасында бұл аспапқа деген қызығушылығым пайда болды. Қазір мен «Көзімнің қарасы» әуенін үйреніп жүрмін. Дина әжеміздей домбырашы болсам деген арманым бар. Осы аспаптың арқасында арманыма жетемін деп ойлаймын.
Жоба авторы балалардың бойындағы дарынды оятып, ұлттық өнерді барынша насихаттау үшін енді домбыраға жасанды интеллектіні енгізбек. Сәтін салса ақылды жүйе атадан мирас болған қос ішекті аспап туралы кез келген ақпаратпен тапсырманы орындайды.
Бұл ауыл мектебіндегі алғашқы инновациялық жоба емес. Инженер ұстаз болашақта ерекше балаларға арналған математикалық калькулятор мен шахматтық тренажер жасап шығармақ. Олардың барлығы жасанды интеллектімен жабдықталады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.