Шахтинск тұрғындары мен кеншілерінен ақша бопсалаған адамдарға қатысты үкім шықты

Қарағандыда қоғам арасында үлкен дау тудырған сот процесі аяқталды. Дәлірек айтқанда, тергеу нұсқасы бойынша Шахтинск қаласы тұрғындары мен кеншілерінен ақша бопсалаған адамдарға қатысты үкім шықты. «Бопсалау» және «алаяқтық» баптары бойынша 8 ер адам 4 жыл 8 айдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы екі адам шартты жаза алды.
ӘСЕЛ ЖУАНЫШЕВА, ШАХТИНСК ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
— Процеске қатысушы – жәбірленуші, куәгер және сотталушының барлығын тыңдап, сотталушылардың қылмыс жасағаны дәлелденді деген қорытындыға келдік. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның басым бөлігі өтелмеген.
Сотталғандардың жасы 22 мен 34 аралығында. Ешқайсысы жұмыс істемеген. Айыпталушылар түрлі тәсіл ойлап тауып, алдау мен қорқыту арқылы жергілікті тұрғындардың ақшасын иемденген. Жәбірленушілерге қысым көрсетіп, оларды несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Кейін ол ақшаны өздері иеленіп отырған. Ондаған миллион теңге көлік жалдауға, сауық құруға жұмсалған. Айта кетейік, олар екі жыл бұрын ұсталған болатын. Содан бері тергеу амалдары жүріп келді. Сотталғандар кінәларын мойындамайды. Бұл іс бойынша 14 адам жәбірленуші ретінде танылған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал