Шығыс Қазақстан облысы медициналық ғимараттың салынуы бойынша рекорд орнатты. Өскеменде гематология орталығының құрылысы алты жылдан бері жалғасып келеді. Осы аралықта нысанның сметалық құны екі есе қымбаттап, 80 миллиард теңгеге жеткен. Жобаға түзету енгізілгендіктен орталықты пайдалануға беру мерзімі бес рет кейінге шегерілді. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары оны көпсалалы ауруханаға қайта бейімдеп, мұнда кардиохирургия, операциялық блок пен трансплантология бөлімін ашпақ. Қазір сағызша созылған ауқымды құрылыс елге қайтарылған актив есебінен арнайы қордың қаржысына аяқталуға жақын. Мердігерлердің айтуынша, нысан 97 пайызға дайын. Сәтін салса, аурухананы биыл шілде айында пайдалануға беру жоспарланған. Осыған байланысты өңірде жаңа медициналық мекемеге қызмет көрсететін дәрігерлер іріктеліп жатыр. Әсіресе шетелде тәжірибеден өткен мамандарға басымдық беріледі.
ЕСБОЛАТ ӨЖЕНОВ, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Қазір нысанның жалпы құны 80 миллиард теңге шамасында. Бұған валюта бағамының өсуі мен медициналық құрал-жабдықтың қымбаттауы себеп. Сондай-ақ жобаға түзету енгізілген кезде, заң талабымен құрылыс-монтаж уақытша жүргізілмейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.