Қазақстандықтарға несие алуға шектеу қойылуы мүмкін

Қазақстандықтар шексіз несие ала алмайды. Ұлттық банк 2027 жылдан бастап бір адамның атына рәсімделетін кредит көлеміне шектеу енгізбек. Банк дерегінше, биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша халық алған кредиттің жалпы сомасы 25 триллион теңгеден асып кеткен. Соның үштен бірі – тұтынушылық қарыз. Енді Ұлттық банк келесі жылдан бастап адамның жалпы берешегі оның сегіз жылдық табысынан аспауы тиіс деген жаңа талап қоюды жоспарлап отыр. Реттеуші: «Мұндай қадам халықтың шамадан тыс қарызға батуына жол бермеу үшін қажет», — дейді. Сондай-ақ бұл несие нарығындағы тәуекелдерді азайтып, қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған.
АСАН АХМЕТЖАН, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Кіріске қатысты борыш коэффициенті (КБК) дегеніміз – бұл азаматтың бұрыннан бар қарыздары мен жаңадан алғысы келетін несиесі оның бір жылдық табысына қаншалықты сәйкес келетінін көрсететін есеп. Басқаша айтқанда, бұл көрсеткіш адамның барлық берешегі оның неше жылдық табысына тең екенін білдіреді. Егер ол көрсеткіш тым жоғары болса, демек, ол адамға әрі қарай несие төлеу ауыр болады және оның ақшасыз қалу қаупі артады деген сөз. Бұл бастама банктердің несиені ойланып беруін ынталандыруға және халықтың шамадан тыс қарызға батуын азайтуға бағытталған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал