Астанада ерекше қажеттілігі бар мектеп оқушысына әлімжеттік жасалды. Қатарластары оқушыны тұншықтырып, ұрып-соққан. Тіпті мұны күлкіге айналдырып, телефонға да түсірген. Бұл ақпаратты қалалық полиция департаменті де растады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Желіде қызу талқыға түскен буллинг оқиғасы Астанадағы №99 мектепте қоңырау кезінде болған. Жанжал 7-сынып оқушысының 6-сыныпта оқитын жеткіншектен «Сен кімсің?» деп сұрақ қоюынан басталған. Оған әзілмен жауап берген оқушыны жоғары сынып шәкірті соққыға жыққан көрінеді. Ең сорақысы, сол сәтте айналада тұрған басқа балалар араша түсудің орнына, болған жағдайды телефонға түсіріп тұрған.
Қоғамда резонас тудырған оқиға туралы зардап шеккен баланың анасы әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Оның айтуынша, 6-сыныпта оқитын ерекше қажеттілігі бар ұлын басқа сыныптың оқушысы тұншықтырып, ұрған. Ал қалғандары бұл келеңсіз жағдайға жай ғана күліп қарап тұрған.
«Бұл – жай ғана балалар арасындағы төбелес емес, бұл – нағыз қатыгездік. Буллингке тек қол көтерген адам емес, сырттан бақылап тұрғандар мен оны видеоға түсіргендер де себепкер. Ата-аналарға өтініш, балаларымен көбірек сөйлесіп, оларға күштің қатыгездікте немесе өзгені қорлауда емес екенін түсіндіруді сұраймын».
Буллингке ұшыраған баланың анасы белгісіз себептерге байланысты сұхбат беруден бас тартты. Ал біз хабарласқан №99 мектеп әкімшілігі бұл оқиғадан хабардар екенін айтты. Қазір жанжалға қатысқан оқушылар мектепішілік профилактилкалық есепке қойылды. Мектеп директорының сөзінше, бұған дейін әлімжеттік көрсеткен балалардың мінез-құлқынан мұндай оғаш әрекет байқалмаған.
ЛӘЗЗАТ САДЫҚБЕКОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Сол жерде кезекші мұғалімдер болып, дер кезінде тоқтатты. Мектеп әкімшілігіне хабарланды. Кешірім міндетті түрде сұралды. Қазір тәрбие жұмыстары күшейтілуде. Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары және балаларды татуластыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал полиция департаменті аталған оқиғаға байланысты кәмелетке толмаған баланың ата-анасының үстінен әкімшілік іс қозғалғанын мәлімдеді.
ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
«Оқиғаға қатысқан барлық бала анықталып, полицияға жеткізілді және профилактикалық есепке қойылды. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін олардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды».
Соңғы уақытта балалар арасындағы әлімжеттік қоғамдағы өзекті мәселеге айналды. Психологтардың айтуынша, ешбір бала қатыгез болып тумайды. Олар көбіне үлкендердің іс-әрекетін қайталайды. Сондай-ақ жасөспірімдер әлеуметтік желіден көрген қатігез дүниелерді бойына сіңіреді. Мамандардың пікірінше, мұндай жағдайдың алдын алу үшін ата-ана да, педагог та баланың эмоциялық тәрбиесіне ерекше мән беруі қажет.
АЙГҮЛ ҚҰСАЙЫНОВА, ПСИХОЛОГ:
— Баланың бойында ішкі қорқыныш, әртүрлі эмоция жүріп жатады. Сол эмоцияларды сыртқа шығарып үйретуіміз керек. Өйткені бала іштегі қатыгездікті, эмоциясын шығара алмаған жағдайда, қатыгездікті өзінен әлсіз адамдарға көрсетеді.
Ал зардап шеккен жасөспірімнің анасы болған жағдайдан кейін ата-аналарға балалар тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуге үндеу жасады. Оның пікірінше, өзгеге жасалған қатігездікті күлкіге айналып, оны телефонға түсіруді әдетке айналдырғандың әрекеті ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.