1 шілдеден бастап ипотека рәсімдеу тәртібі өзгереді

Ипотека алу қиындай түсуі мүмкін. Сарапшылар: «Әсіресе екінші нарықтағы пәтер несиесіне қойылатын талап күшейеді», — дейді. Тіпті кей банктер шілдеден бастап ипотекалық бағдарламаларды тоқтатуы ықтимал. Бұған базалық мөлшерлеменің жоғарылайтыны себеп.
Баспана нарығында қарбалас байқалады. Себебі 1 шілдеден бастап ипотека рәсімдеу тәртібі өзгереді. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы өзгерістердің алдында халық несие рәсімдеп үлгеріп қалуға тырысып жатыр. Әсіресе ресми табысы төмен немесе «конвертпен» жалақы алатын азаматтар асығыс. Өйткені қазір кей банктер табысты растаусыз несие берсе, шілдеден кейін мұндай мүмкіндік болмауы мүмкін.

ҚУАНБЕК ҚАЛМАҚЫШ, ИПОТЕКА САРАПШЫСЫ:
— Адамдар неге ипотека рәсімдеуге асығып жатыр? Себебі қазір кейбір несиелерді табысты растамай-ақ алуға мүмкіндік бар. Бізде бейресми жұмыс істейтін немесе ресми табысы төмен көрсетілетін азаматтар көп. Қазір олардың ресми табысы аз болса да, несие алу мүмкіндігі бар. Бірақ 1 шілдеден бастап бұл талаптар жойылады, барлық табыс ресми расталуы тиіс болады.

Сарапшының болжамынша, жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін нарықтағы мәміле саны шамамен 30 пайызға қысқаруы мүмкін. Ипотекалық брокер Мерей Әлімбаев: «Екінші деңгейлі банктер үшін ипотека аса тиімді өнім емес», — дейді. Берілген қаржы 10-15 жылда ғана қайтады. Ал базалық мөлшерлеме жоғары болған сайын, банктердің пайдасы азаяды. Сондықтан кей қаржы ұйымдары ипотеканы уақытша тоқтатуы мүмкін.

МЕРЕЙ ӘЛІМБАЕВ, КОНСАЛТИНГ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Базалық мөлшерлеме жоғары болған сайын, ипотеканың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі төмен болады. Соның салдарынан банктердің табатын пайдасы азайып, ипотека олар үшін тиімсіз өнімге айналады. Сондықтан қаржы ұйымдары мұндай бағдарламаларды уақытша тоқтатуы немесе несие беру талаптарын қатаңдатуы мүмкін. Меніңше, шілде айынан бастап екінші нарықтағы ипотекалық бағдарламалар жоқ болады. Егер банктер «Жаңа ипотека» секілді жаңа өнімдерді іске қоспаса, қайталама нарықтағы ипотека беру тіпті тоқтап қалуы да ғажап емес.

Қаржы сарапшысы Рүстем Тоқтаров екінші деңгейлі банктер ипотека беруді тоқтатады деген пікірмен келіспейді. Ол алдағы өзгеріс нарықтың қызуын бәсеңдету құралы. Экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге қарамастан, қаржы ұйымдары әрқашан жағдайға бейімделіп, өз өнімдерін нарыққа лайықтап отырады деп есептейді.

РҮСТЕМ ТОҚТАРОВ – ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ
— Менің ойымша, алғашқы кезеңде бәсеңдеуі мүмкін, бірақ банктер сол қалыптасқан жағдайларға бейімделіп, заңмен беріліп отырған тұрғын үй жинақтау тетіктерін пайдаланып, болашақта өнімді пайдаланушыларға тиімді шарттар ұсынады деген ойдамын.

Статистикаға қарасақ, биыл ипотека нарығы баяулаған. Мәселен, биылғы қаңтарда Қазақстанда 8 300-ден астам ипотекалық несие рәсімделген, бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 6,5 пайызға аз. Банктер қазір табысқа қатты қарайды. Тұрақты жұмысы, ресми кірісі және бастапқы жарнасы бар адамдарға ғана ипотека рәсімдеу жеңілірек. Ал халық көбіне мемлекеттік бағдарламаларға сүйеніп отыр.
Ал баға мәселесіне келсек, нақты болжам айту қиын. Бір жағынан, сатып алушылар азайса, пәтер құны төмендеуі мүмкін. Екінші жағынан, мемлекеттік бағдарламалар нарықты қайта қыздырып, бағаны өсіруі ықтимал. Сарапшылардың айтуынша, қазір тұрғын үй бағасы бірқалыпты: түспей де, өспей де тұр. Мұндай кезде бағаны «сындыру» оңай, жағдайды пайдалану керек деп кеңес айтты мамандар.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал