Қазақстан мен АҚШ-тың жас ғалымдары қуаңшылықпен күресу үшін бірікті. Еліміздің солтүстігінде отандық бидай және күрішті зерттеуге арналған ауқымды жоба іске асатын болды. Ғалымдар су тапшылығы әрі топырақтың тұздану жағдайында да өсетін сұрыптарды шығаруды жоспарлап отыр. Халықаралық геномика және биоинформатика мектебінің Орта Азия бойынша алғаш рет осы облыста ашылуы кездейсоқ емес. Себебі бұл өңірдің топырағы құнарлы болғанымен, климаты күрт континенталды. Яғни бұл ризығын жерден теретін диқандар үшін күрделі аймақ. Сондықтан болашақта ғалымдар өңір табиғатына бейім, суық пен ыстыққа төзімді дақыл түрлерін ойлап шығармақ.
РОД А. ВИНГ, АҚШ ПРОФЕССОРЫ:
— Бұл жер мамандарды даярлайтын заманауи платформаға айналады. Мұнда озық генетика, селекция, ақылды суару және фитопатология саласы дамиды. Бірлескен зерттеу нәтижесінде ауылшаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтеріледі. Әрі геномдық қорды жүйелейміз. Бұған дейін біз «Ұлттық құндылық геномикасы» жобасы аясында Каспий итбалығын зерттедік.
Заг:
Шығыс Қазақстан облысына жеңіл әрі көпмақсатты, қос қозғалтқышты L-410 ұшағы жеткізілді. Енді санитарлық авиация мамандары қияндағы қыстауға да бара алады. Яғни таулы аймақта аяқ асты ауырып, жаны қысылған азаматтарды орталық ауруханаға жедел жеткізуге мүмкіндік туды. Әуе кемесі сағатына 400 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Бортта шұғыл көмек көрсетуге арналған заманауи медициналық жабдық орнатылған. «Жаңа құрылғы МИ-8 тікұшағынан әлдеқайда ширақ», — дейді мамандар.
РАШИД БЛЯЛОВ, ШҚО ТЖД БАСШЫСЫ:
— L-410 – бірегей ұшақ. Ол жедел әрекет етуге қабілетті, яғни тәуліктің кез келген уақытында әуеге көтеріле алады. Оған ұзындығы 500 метрден асатын топырақты екпінді-ұшу жолағы жеткілікті. Бұл біздің өңір үшін аса маңызды. Өйткені өңіріміздің географиялық ерекшеліктері күрделі болып келеді.
НҰРЛАН ДҮЙСЕБАЕВ, «ҚАЗӘУЕҚҰТҚАРУ» ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Мемлекет басшысы шағын авиацияны, әсіресе ұшақ түрлерін дамыту бойынша нақты тапсырма берді. Қазіргі таңда тікұшақ бөлімшелері 20 жасақта жұмыс істеп тұр, ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық өңірде іске қосылады. Олар санитарлық авиацияда, «Қазорманқорғау» жүйесінде және Төтенше жағдайлар министрлігінде қолданылып, іздестіру-құтқару операцияларын жүзеге асырады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.