Инклюзивті ортаға арналған IT-жобалар ойлап тапқан шымкенттік оқушылар АҚШ-тан жеңіспен оралды

Шымкенттік оқушылар робототехниканы қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағыттап жүр. Жас өнертапқыштар көзі көрмейтін және есту қабілеті шектеулі жандарға арналған жоба әзірлеп, инклюзивті орта қалыптастыруға үлес қосып келеді. Әлеуметтік маңызы бар жобалар халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып, оқушылар АҚШ-та өткен әлемдік чемпионаттан жеңіспен оралды.
Жас өнертапқыштардың алғашқы жобасы – көзі көрмейтін жандарға арналған арнайы экожүйе. Оның құрамына Брайль қарпімен жазылған робототехника кітабы мен 3D форматтағы тактильді бокс енген. Яғни зағип жандар теориялық ақпаратпен ғана шектелмей, робот бөлшектерін қолмен ұстап, сезіну арқылы да білім ала алады.

ИРИСБЕК УЛУГБЕКОВ, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
— Зағип достарымыз тек теорияны оқымай, сол детальдарды ұстап көріп, сезіне алады. Біз бұны теория жүзінде жазып, әлеуметтік желіге жүктеумен ғана шектелген жоқпыз. Кітапты бүкіл әлем бойынша таратып бастадық.

Ал мынау – «Сөйле» ақылды көзілдірігі. Есту қабілеті шектеулі жанның қоршаған ортамен байланысуына қажет құрылғы. Көзілдірік адамның сөзін экранға мәтін ретінде шығарады.

КАМИЛА КЕМЕЛБЕК, 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
— Экранға адамның сөйлегені субтитр болып шығады, сол арқылы құлағы естімейтін адамдар қарым-қатынас орната алады.
Жасөспірімдердің әлеуметтік жобалары әлемдік деңгейде жоғары бағаланды. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST World Championship робототехника чемпионатында топ жарып, 40 елден 336 команда қатысқан додада шымкенттік жастар үздік атанды.

БАҚДӘУЛЕТ АСҚАР – 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ
— «Біз қоғамға қандай пайда әкеле аламыз?», «Қалай робототехниканы насихаттаймыз?» деген сұрақтарға жоғары мән бердік. Жүлделі орындардың бірін иелендік. Бұл жеңіс – біз үшін үлкен жауапкершілік, мақтаныш және тарихи сәт.

Қазір оқушылар әзірлеген тактильді кітап арнайы білім беру ұйымдарының бағдарламасына енгізіле бастаған. Сонымен қатар мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған танымдық құрал да дайындалып жатыр. Жас өнертапқыштардың басты мақсаты – технологияны адам өмірін жеңілдетуге бағыттап, кедергісіз қоғам қалыптастыруға үлес қосу.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал