Жазғы лагерьлер балаларды қабылдауға әзір емес

Биыл жазғы лагерьлердің дайындығы жіті бақылауға алынғанымен, олардың жартысынан көбі балаларды қабылдауға әзір емес. Әсіресе Қостанай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарындағы сауықтыру орталықтарының жағдайы мүшкіл. Бұл туралы Үкімет отрысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Оның айтуынша, жазғы демалыс кезінде елімізде 187 сауықтыру лагерін ашу жоспарланып отыр. Бірақ бүгінгі күні солардың тек 33 пайызы балаларды қабылдауға дайын. Мамандарды маусымдық сауықтыру қызметімен айналысатын жекеменшік ұйымдардың жұмысы алаңдатып отыр. Өйткені кейбірі санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген көрінеді.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
— Өткен жылы рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген лагерьлер анықталды. Олар бойынша матриалдар прокуратура органдарына жіберілді және иісті шаралар қабылданған болатын. Азаматтар үшін сенім телефоны жұмыс істейді. Сондай-ақ Санэпид комитетінің сайтында санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алған лагерлердің тізбесі апта сайын жаңартылып отыр.
Айта кетейік, биыл балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың арнайы ережесі алғаш рет бекітілді. Енді лагерьлердің дайындығын санитарлық қызмет, төтенше жағдайлар департаменті, полиция, әкімдік пен білім басқармасы бірлесіп тексереді. Балалардың қауіпсіздігіне ғана емес, лагерьде жұмыс істейтін қызметкерлердің біліктілігіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Ал ата-аналар мен балалардан түсетін шағымдар мен ұсыныстарды жедел қабылдау үшін колл-орталықтардың жұмысы күшейтілмек. Сондай-ақ барлық білім беру ұйымында балалар көмекке тікелей жүгіне алатын QR-кодтар орналастырылған.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Ішкі істер министрлігі, ТЖМ әкімдіктермен бірге балалар мен жастар көп жиналатын орындарда патрульдеуді ұйымдастырып, балалар орталықтары мен сауықтыру орталықтарына полиция қызметкерлерін бекітіп қою қажет. Балалар лагерінің тәрбиешілерімен қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, эвакуациялау және құтқару бойынша жаттығулар өткізіңіздер.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал