Көкжайлау шатқалында тау курортын салу жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өтті

Алматыда Көкжайлау шатқалындағы тау курортын салу жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Оған қатысқан жоба авторлары, экологтар, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары өз пікірлерін ортаға салды. Бірі жобаны қолдаса, енді бірі оған қарсы шықты.
Көкжайлау тағы да қоғамдық талқылаудың өзегіне айналды. Алматы маңындағы тау курортының құрылыс жобасы қала тұрғындарына, экологтар мен қоғам белсенділеріне таныстырылды. Әңгіме халықаралық деңгейдегі заманауи тау курорты – Almaty Superski жобасы туралы. Ол тек қысқы туризмге ғана емес, жыл бойғы демалысқа арналған. Жоба авторларының айтуынша, Шымбұлаққа жыл сайын екі миллионға дейін адам барады, ал қолданыстағы инфрақұрылым туристер ағынын көтере алмай отыр.

ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, «KAZAKH TOURISM DEVELOPMENT» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Әр бағыт бойынша ғылыми институттармен, мемлекеттік профильдік мекемелермен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жоба табиғатқа зиян келтірмейтіндей етіп жүзеге асуы үшін, олардың сараптамасын алдық.

Жауаптылардың сөзінше, құрылыс жүргізілетін аумақ Іле-Алатауы ұлттық паркінің жалпы аумағының жарты пайызынан да аз бөлігін қамтымақ. Сонымен қатар олар негізгі табиғи ландшафт сақталады деп сендіріп отыр.

МҰХТАР ТАЙЖАН, ІЛЕ-АЛАТАУ ҰП ҮЛЕСТІРУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Мен бұл жобаны әу бастан құптаймын. Біріншіден, экологиямызға, тауларымызға жаман әсерін тигізбейді. Себебі бұл – электр қуатымен жұмыс істейтін аспалы жол. Екіншіде, аспалы жол пайда болғаннан кейін жастарымыз спортпен айналысады.

Аумақта жеке коттедждер салынбайды. Басты мақсат – таудағы демалысты халықтың барлық санаты үшін қолжетімді ету.

ЕРМЕК ТҰРСЫНОВ, РЕЖИССЕР, ЖАЗУШЫ:
— Екі қолмен қолдаймын. Ондай курорт тек бізде жоқ. Өзбектер ашып алды. Грузиндер, Қырғыз бауырларымыз ашып алды осындай курортты. Енді бізге ең соңғы болып жете ме? 7 жыл өтті. Баяғыда бастау керек еді.

Қоғам белсенділерінің басты алаңдаушылығы – экология мәселесі. Олар құрылыс мұздықтар мен су ресурстарына кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді.

ҚАРЛЫҒАШ МАҚАТОВА, БЕЛСЕНДІ:
— Көкжайлау — бірегей шатқал. Ол солтүстіктен оңтүстікке емес, шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Бұл аумақты қар барысы мекендейді.

Бұл мәселеге қатысты ғылыми институттармен жұмыс басталған. Қазір мамандар климатқа және су ресурстарына сараптама жүргізуде. Егер жоба жүзеге асса, мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі. Ғалымдар экожүйенің жағдайын және курорттың қоршаған ортаға әсерін күнделікті бақылап отырады.

ЕРЖАН ЕРКІНБАЕВ, «KAZAKH TOURISM DEVELOPMENT» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Мұздықтар мәселесі бойынша Гляциология институтымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Ғалымдар курорт мұздықтардың еруіне ешқандай әсері жоқ екенін нақты айтты. Сондай-ақ қар барысы мен түркістан сілеусініне еш зиян келмеуі тиіс. Сондықтан жоба ғалымдардың және қоғам белсенділерінің пікірін ескере отырып жүзеге асырылады.

Қоғамдық тыңдау барысында Көкжайлау жобасын талқылауға қатысушылардың дені бастаманы қолдады. Өйткені құрылыс жүзеге асқан жағдайда экологиялық мәселелер ғалымдардың жіті назарында болады. Ал жобаның өзі аймақ экономикасына айтарлықтай серпін бермек. Бастамашылардың сөзінше, Алматыға баратын шетелдік туристер саны қазіргімен салыстырғанда бір миллион адамға артса, өңір бюджетіне жыл сайын шамамен бір миллиард доллар табыс түсуі мүмкін.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал