LRT-нің іске қосылуы пәтер бағасына әсерін тигізіп жатыр

LRT-нің іске қосылғанына екінші апта өтсе де, қоғам арасында оған қатысты талқы да, қызығушылық та әлі көп. Ол тіпті жылжымайтын мүлік бағасына да әсерін тигізіп жатыр. Станция маңындағы пәтер иелері баспана бағасын 3-5 миллион теңгеге көтеріп жіберген. ЛРТ-нің жай-күйі мен жолаушылардың жағдайы туралы да қазір сөз көп.
ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Жолаушылар ең көп қатынайтын станциялардың бірінде тұрмыз. Бұл – Бәйтерек бекеті. Тәулігіне 8-10 мың адам дәл осы станция арқылы діттеген жеріне жетеді. Сол станцияның тыныс-тіршілігімен бүгін танысуға келдік. Станцияда адам нөпірі көп. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жолаушылар қатынап жатыр, келіп жатыр. Бір өкініштісі, әзірге бекеттерде орындықтар саны аз. Бірақ станция қызметкерлері алдағы уақытта орындықтар санын көбейтуге уәде берді.
ЕРМЕК БАУЫРЖАНҰЛЫ, СТАНЦИЯ БАСШЫСЫ:
— Тәулік бойы бақылайтын камералар орналасқан. Қандай да бір құқықбұзушылық жолаушылар тарапынан орын алса, дереу шаралар қолданылады. Қандай да бір көмек қажет болатын болса, станцияда немесе вагонда кезекшілер бар, сол кісілерге жүгінуге болады.

ҒАНИ МҰҚАШҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Қызметкерлердің айтуынша, әр станцияда, вагонда қауіпсіздікке өте қатты мән берілген. Полиция қызметкерлері, станция қызметкерлері оны жіті бақылап отырады. Тіпті вагондардың ішінде арнайы бейнебақылау камералары орнатылған.

Себебі жуырдағы жағдай әлі есте. Белгілі біреулер апаттық тежегіш түймесін қажетсіз басқаннан, вагондағы жолаушыларға ауа жетпей, тынысы тарылған еді.

Жолаушылар қауіпсіздігін бұзудың жекелеген жағдайлары болғанымен, Астанадағы ЛРТ-ға қызығушылық қазір жоғары. Тіпті еліміздің өзге өңірлерінде жеңіл рельсті көлікті іске қосу ісі сөз бола бастады. Жуырда Алматыда LRT желісінің алғашқы бағытын салу мерзімі белгіленді. Құрылыс 2027 жылдың екінші тоқсанында басталып, 2029 жылдың екінші тоқсанында аяқталмақ.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал