Елордалық оқушылар Паркинсон ауруын ерте анықтайтын қосымша ойлап тапты

Елордалық оқушылар Паркинсон ауруын күні бұрын анықтайтын қосымша мен тоғызқұмалаққа арналған цифрлық платформа әзірледі.
Жасанды интеллект бүгінде білім беру жүйесінде ғана емес, оқушылар арасында да үлкен қызығушылыққа ие. Бұған дәлел – елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары әзірлеген әлеуметтік маңызы бар жобалар. Олардың бірі – Паркинсон ауруын ерте анықтауға арналған қосымша болса, енді бірі – ұлттық ойын тоғызқұмалақты цифрлық форматта дамытуға бағытталған платформа.
АРУЖАН СЕРҒАЛИЕВА, НЗМ 12 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:
— Біздің жобамыз арнайы қосымша арқылы Паркинсон ауруының белгілерін ерте анықтауға арналған. Яғни адам өзінің саусақтарының видеосын түсіру арқылы осы аурудың белгілері бар-жоғын біле алады. Нәтижесі проценттік анализ арқылы шығады. Сол арқылы адам ерте диагностика жасай алады.

Жоба авторларының айтуынша, қосымша қазір сынақтан өтуде. Оқушылар Астана медицина университеті мен арнайы клиникалармен бірлесіп, науқастар арасында тексеру жүргізіп көрген. Негізгі мақсат – кеңінен таралған Паркинсон ауруын шалғай елдімекендерде де ерте анықтап, науқастарды дер кезінде мамандар көмегіне бағыттау.
Ал тағы бір топ қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты заманауи форматқа көшірген. Олар әзірлеген цифрлық платформада қолданушылар тоғызқұмалақты тек адамдармен ғана емес, жасанды интеллектімен де ойнай алады.

Оқушылардың айтуынша, мұндай жобалар тек технологияны дамытуға емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге де бағытталған. Сонымен қатар, олар жобаларды әрі қарай дамыту үшін қолдаушылар мен серіктестер іздестіріп жатыр. Жас өнертапқыштар алдағы уақытта өз жобаларын халықаралық деңгейге шығаруды мақсат етіп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал