Батыр бала – Бейбарыс. Сырым ауданы Аралтөбе ауылының 9 жасар тұрғыны Бейбарыс Тілекберген осы атауға шын лайық. Үшінші сыныпты аяқтаған ол осы қыста отқа оранған үйден өзінен кейінгі екі бауырын аман алып шыққан болатын. Сын сәтте сүрінбей, қайсарлық танытқан ол – оқу озаты.
Ақпанның аязды күні болған оқыс оқиға бала Бейбарыстың есінде. Үйдің ересектері жұмыста болып, ол соңындағы бауырларына бас-көз болып қалады. Кенеттен түс мезгілінде электр сымдарының тұйықталуынан өрт тұтанып, үйдің ішін қою түтін басады. Көмек келгенше, ол батылдық танытты. Жүрексінсе де, соңғы сәтте екі інісін отқа оранған үйден алып шықты.
БЕЙБАРЫС ТІЛЕКБЕРГЕН, ОҚУШЫ:
– Қорықсам да, екі жасар інімді сүйреп, ал сегіз айлық інімді көтеріп алып шықтым. Сол кезде үй түгел өртеніп жатты. Бойыма батылдығымды жинап, үйден інілерімді алып шықтым.
Бейбарыс биыл 3-сыныпты аяқтады. Оқу озаты. Аудандық, облыстық олимпиадалардың жүлдегері. Суреті мектеп мақтаныштарының қатарынан орын алған.
АЙНҰР САҒЫНҒАЛИ, СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІ:
– Бейбарыс – жауапкершілігі мол, білімді, ақылды оқушы. Айтқан тілді тез қағып алады. Достарымен жақсы қарым-қатынаста. Ақ көңіл бала. Ең басты ұнайтын қасиеті – жауапкершілігі. Кез келген тапсырманы бірден орындайды.
Баспаналары өртеніп, үйсіз қалған отбасына ауылдастары көмек қолын созуда. Арнайы қор ашылды. Атымтай Жомарттар қолда барымен бөлісуде. Бейбарыстың ата-анасы қара шаңырақтарын қайта көтеруді ойлайды.
СЕРІК ТОҚМАМБЕТОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Дипломмен ауылға бағдарламасының екі нұсқасы бар. Біріншісі –сатып алу, екіншісі – салып алу. Отбасы салып алу бағытын таңдап, соған жұмыстанып жатыр. Қазіргі таңда ауыл әкімдігі, экономика және қаржы бөлімі – барлығы бірге жұмыстанып, алла қосса үлкен қолдау болады деген үміттеміз.
Бейбарыс – отбасындағы бес баланың екіншісі. Қазір ата-анасы, бауырларымен бірге уақытша берілген коммуналдық пәтерде тұрып жатыр.
ФАЗЫЛ ҚАЙЫР, ӘКЕСІ:
– Батыр ғой, баламды мақтағаным емес. Мұндай ерлік екінің бірінің қолынан келмейді. Талай жағдайлар болып жатыр, құдай басқа бермесін. Тек үй өртенді, дүние ғой. Сонымен әйтеуір құтылдық. Балаларыма бірдеңе болғанда, қалай болатынымды білмеймін.
Бала болса да батырлық жасаған Бейбарыс осылайша өз бауырларын тілсіз жаудың құрығынан аман алып қалды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.