Елордада V Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр. Бұл жиын экономиканың жаңа бағытын айқындайтын маңызды алаңға айналған. Себебі жасанды интеллект, цифрлық бәсеке, саудадағы ашықтық мәселелері негізге алынбақ. Еуразиялық одаққа мүше мемлекетттер цифрлық технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдалануға ниетті. Ал еліміз бұл бастаманы белсенді қолдап отыр.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Астана әлемнің 44 елінен келген үш мыңға жуық делегатты қабылдап отыр. Форумға Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТМД, БРИКС секілді ірі халықаралық ұйым өкілдері де қатысуда. Қазір мұнда Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда-экономикалық байланыстар, ортақ нарықтағы кедергілер және экономикалық процестердің ашықтығы қызу талқыланып жатыр. Ал биылғы форумда жасанды интеллект тақырыбына басымдық берілмек. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы төрағалығы аясында цифрлық технологияларды экономикалық басқару жүйесіне енгізуді ұсынып отыр. Себебі соңғы жылдары Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері ішінде шекарадағы әкімшілік кедергілер мәселесі жиі көтеріліп келді. Яғни енді жасанды интеллект саудадағы тосқауылдарды бақылау, мемлекетаралық келісімдердің орындалуын сараптау және экономикалық процестердің ашықтығын бағалау үшін қолданылуы мүмкін.
АЛЕКСЕЙ ДРОНОВ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Қазір біз электронды сот жүйесін дамытуға басымдық беріп отырмыз. Бүгінгі форумда көтерілетін жасанды интеллект тақырыбы өте маңызды. Өйткені ол көмекші құрал ретінде қарастырылып отыр. Бұл технологиялар одаққа мүше мемлекеттер арасындағы сан саладағы ынтымақтастық келісімдерге қол жеткізуге және экономиканы нығайтуға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Сарапшылардың айтуынша, бұл – одақ мемлекеттері үшін жаңа кезеңнің бастамасы. Өйткені бұған дейін Еуразиялық экономикалық одақ жиындарында көбіне кеден, тариф пен тауар айналымы аясында айтылып келсе, енді күн тәртібіне цифрлық бақылау, деректерді талдау және жасанды интеллект мәселелері қаралып отыр. Сондай-ақ форум аясында өндірісті цифрландыру, өнеркәсіптік кооперация және халықаралық технологиялық серіктестік мәселелері қаралуда. Сарапшылардың сөзінше, Астана үшін бұл жиынның саяси да, экономикалық та маңызы жоғары. Себебі Қазақстан осылайша өзін аймақтағы цифрлық бастамалардың белсенді қатысушысы ретінде көрсетіп отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.