Еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысына Ресей несие береді. Ресей Президентінің Қазақстанға сапары кезінде екі елдің Үкіметтері осындай келісімге келді. Солтүстіктегі көршіміз сондай-ақ біздің елге төрт Амур жолбарысын сыйға тартып, «Сириус» халықаралық мектебін салып береді.
Владимир Путин қазіргі президенттік мерзімінде біздің елге екінші рет мемлекеттік сапармен келіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғалы 7 жылдың ішінде екеуі 38 рет жеке кездескен. Бүгінгі 39-шы кездесу Тәуелсіздік сарайында өтті.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Қазір Қасым-Жомарт Тоқаев протокол бойынша Владимир Путинге ере келген ресейлік қонақтармен қол алысып жатыр. Солтүстіктегі көрші мемлекеттен біздің елге 30 шақты адам келген. Арасында министрлер, ірі компания басшылары, инвесторлар бар. Олар сәлден соң біздің министрлермен кеңейтілген құрамда кездеседі.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер кезінде біздің Президент: «Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселе жоқ. Әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, екіжақты ықпалдастық, әсіресе, экономика саласында табысты өрбіп келеді», — деді. Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған елдердің арасындағы ең ірі инвестор болса, керісінше Қазақстан Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы протоколдық кездесулермен ғана өлшенбейді. Ортақ шекара, үзілмеген сауда, күн сайын қатынап жатқан мыңдаған адам байланыс ауқымын осыдан-ақ аңғаруға болады. Былтыр екі жақты алыс-беріс 27 миллиард доллардан асты. Енді биыл оны 3 миллиардқа көбейту жоспары бар.
Жоспардың бәрін тараптар құжаттармен бекітті. Ресей біздің елде салынатын атом электр станциясы құрылысына экспорттық несие беретін болды. Атом энергиясы жөніндегі агенттік дерегі бойынша, Балқаштағы екі энергоблоктың құрылысына қазіргі есеп бойынша 16,4 млрд доллар керек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Менің ойымша бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр станциясын салуға қатысты келісімдердің стратегиялық маңызы зор. Осы ауқымды жобаны батыл қолдағаны үшін Ресей Федерациясының президентіне ризашылығымды жеткіземін. Бұл бастама ғылым-білім, технология салаларындағы ықпалдастықты ілгерілетіп, энергетика мен индустрияға қатысты аралас бағыттардың дамуын қамтамасыз етеді.
ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біз саясат, экономика, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ықпалдастықтың негізгі мәселелерін талқыладық. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды қозғадық. Қазақстан-Ресей байланысын нығайтудың басым міндеттері бекітілген бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Энергетика, қаржы секторларынан бастап, денсаулық сақтау және білім беру секілді түрлі саланы қамтитын маңызды үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар қабылданды. Бүгінгі сапар мен келіссөздер халықтарымыздың игілігі үшін Ресей-Қазақстан сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға серпін береріне сенімдімін.
Ресейлік тарап Астана мен Алматыда екі мектеп салуды жоспарлап отыр. «Қазақстан – Сириус» халықаралық білім беру мектебі балаларды 1-сыныптан бастап қабылдайды. «Оқу тегін, әрі ұлттық білім стандартына сай болады», — деді Оқу-ағарту министрі.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Оқыту тілі қазақ және орыс тілдерінде болады, сонымен бірге интеграцияланған білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады. Оның ішінде жаратылыстану, ғылыми бағытта, яғни, физика, химия, биология, математика, жасанды интеллект, информатика, ғарыш туралы, сонымен бірге, адам туралы ғылым болады. Бұдан бөлек, тәрбие жұмысы «Адал азамат. Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда Алматы қаласында құрылыс басталды. Астана қаласында бүгін алғашқы капсуланың жасалуын көрдік.
Екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин сол құжатқа көпшілік алдында қол қойды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.