Қазақстанда автомектеп саны азаюы мүмкін

Қазақстанда автомектеп саны азаюы мүмкін. Қазіргілері үшін міндетті лицензиялау енгізіліп, соған сәйкес талап та қаталдатылмақ. Ең бастысы, әр автомектепте автодром, автокөлік және білікті нұсқаушы болуы шарт. Алдағы уақытта жүргізуші дайындау саласын қандай жаңалықтар күтіп тұр?
Автомектепті бітіріп, қолына жүргізуші куәлігін алу – алматылықтар үшін арман. Ол үшін жол-жүру ережесін толық меңгеріп, жолда жаңылмау керек. Әсіресе бұл көлік тізгіндеуге ниетті ана үшін аса маңызды. Төрт баланың анасы Жүрсінгүл Оразбаева үшін темір тұлпар жүргізу аса қажет. Қазір автомектепте оқып жүр.

ЖҮРСІНГҮЛ ОРАЗБАЕВА, АВТОМЕКТЕП КУРСАНТЫ:
— Әйел адамға баламен қоғамдық көлікте жүру өте қиын. Әсіресе қысты күні. Автобустың өзінде пробка болады. Бала мазасызданады. Сол үшін мен автомектепте оқып, жүргізуші куәлігін алуға шешім қабылдадым.

Сарапшылар: «Жүргізушінің барлығы бірдей жауапты емес», — дейді. Ал автомектеп ашу аса қиын мәселе емес. Ол туралы тиісті органға ескертсе жетіп жатыр. Яғни сан көп. сапа жоқ. Кейбір курсантты тек қағаз жүзінде ғана оқытып немесе қажет анықтаманы бере салатындары да жасырын емес. Бұл мәселені Үкіметтегілер де біледі. Енді жүргізушілерді оқытатын мекемелерге шара қатаңдатылмақ. Бірінші кезекте лицензияның болуы шарт.

МҰРАТЖАН БАХАУДИНОВ, ОНЛАЙН АВТОМЕКТЕП ӨКІЛІ:
— Тек қағаз жүзінде ғана қызмет көрсететін автомектеп жабылады. Бұл, өз кезегінде оқыту процесін, материалдық базаны мемлекеттен бақылауға мүмкіндік береді. Лицензия алу – өте күрделі іс. Қаржылық шығындар да жұмсалады. Ішкі істер министрлігінің барлық талабына сай келуге тиіс.

Автомектептің барлығы бірдей мұндай қатаң талапқа сай ма, жоқ па белгісіз. Себебі мемлекетте де, қоғам да қызметке күмәнмен қарайды. Жол-көлік оқиғасы азаймай тұр. Мамандар түрлі себеп айтады. «Соның бірі — жүйенің әдбен ескіргені», — дейді.

АЛЕКСЕЙ АЛЕКСЕЕВ, АВТОСАРАПШЫ:
— Біз жылына шамамен бүтін бір ауылдың тұрғынын жоғалтқандай әсер етеді. Мысалы, өткен жылы жолда 2330 адам қаза болды. Түпкілікті өзгеріс керек. Болашақ жүргізушілерді әлі күнге 50-70 жылдардың әдісімен оқытып келеміз. Мен өзім 30 жыл бұрын куәлік алдым. Қазіргі емтиханда да сол сұрақ.

Елімізде 700-ден астам автомектеп тіркелген. Ал автодром жоқтың қасы. Мысалы, Алматыда екеу ғана. Жүргізуші даярлайтын жүздеген мекеменің оқушыларды қайда және қалай оқытатынын осыдан соң ойлап көріңіз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал