Алматыда адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Мамандандырылған ауданаралық сотта Әл-Фараби даңғылындағы оқиға туралы прокурор тергеу барысын жария етті. Айыптаушы Zeekr көлігінің иесі батыс бағытта келе жатып, шапшаңдықты шамадан тыс асырғанын, салдарынан рульге ие бола алмағанын айтты. Қарсы бетке шығып кеткен көлік өз жолымен келе жатқан Мерседеспен бетпе-бет соғылған. Соңғы көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізілген сараптама Zeekr иесінің ішімдік ішкенін көрсеткен. «Оның соқтығыс алдындағы жылдамдығы сағатына 219 шақырымға дейін жетуі ықтимал», — деді прокурор. Ол алқа билер сотынан бас тартса, қорғаушысы оның жол-көлік оқиғасынан соң, денсаулығына байланысты сот процесіне қашықтан қатысуына рұқсат етуін сұрады. Айыпталушы тарап сот отырысы кезінде фото, бейнетаспаға түсіруге қарсы екенін білдірді.
МЕЙІРМАН ШЕКЕЕВ, АДВОКАТ:
— Ол қалай болғанда да жазасын алады. Кешірім беру тек жылына, мысалы 10 жыл болса7 жылға қысқартуға ғана әсер етеді. Біз өзіміздің тарапымыздан сот барысында азаматтық талап қоямыз. Кешірім берсе, соны орындаған болып саналады. 100 миллионның көлемінде деп отырмыз. Өйткені ол қыздың алған кредиті бар, басқа да қарыздары болған. Соның бәрін есептеп, нақты бір соманы айтамыз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.